Павлодарда болашақ мамандар кәсіби дағдыларын көрсетті

Павлодарда болашақ мамандар кәсіби дағдыларын көрсетті

Павлодар техникалық сервис колледжінің құзыреттілік орталығы базасында 9-сынып оқушылары арасында «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету» құзыреттілігі бойынша JuniorSkills чемпионаты өтті. Байқауға қала мектептерінен 20 оқушы қатысып, өз білімдері мен практикалық дағдыларын көрсетті.

Қатысушылар алдымен таңдаған мамандықтары бойынша таныстырылым жасап, кейін қозғалтқышты реттеу, беріліс қорабын жөндеу және автокөліктің электр жүйелеріндегі ақауларды анықтау сияқты тапсырмаларды орындады. Тәжірибелі өндірістік оқыту шеберлері мен оқытушылар бағыт-бағдар беріп, колледж студенттері қатысушыларға қолдау көрсетті.

Сонымен қатар, №36 экологиялық бағыттағы жалпы орта білім беретін мектеп базасында «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша JuniorSkills чемпионаты ұйымдастырылды. «Іс-әрекеттегі апсайклинг: эко-шеберхана – джинсыдан жасалған гүлдер» тақырыбындағы байқау оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытып, экологиялық ойлау мәдениетін қалыптастыруға бағытталды. Қатысушылар джинсы материалынан сәндік бұйымдар жасап, өздерінің дизайнерлік ойлауын, шеберлігін және уақытты тиімді пайдалану дағдыларын көрсетті. Чемпионатқа 7 білім алушы қатысып, өз шеберліктерін танытты.

Чемпионат қорытындысы бойынша барлық қатысушылар сертификаттармен марапатталып, үздіктерге жүлделі орындар табысталды.

Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың кәсіби қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың болашақ мамандығын саналы таңдауға бағыт-бағдар береді.