Бастауыш сынып – сапалы білімнің кепілі

Бастауыш сынып – сапалы білімнің кепілі

Білім беру жүйесіндегі табыстың бастауы – бастауыш сыныптан қаланатыны белгілі. Осы бағытта бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған семинар өтті.

№2 Ертіс орта мектебінде өткен іс-шараға аудан мектептерінен 4-сынып мұғалімдері мен оқу ісінің меңгерушілері қатысты. Семинардың мақсаты – білім сапасын арттыру, оқушылардың оқу жетістіктерін жүйелі бағалауды жетілдіру және педагогтердің бағалау жүйесіне қатысты кәсіби құзыреттілігін дамыту болды.

Оқу ісінің меңгерушілері Меруерт Көшербаева мен Олеся Евстигнеева мониторингтің мақсат-міндеттері, тапсырмалар құрылымы, бағалау критерийлері мен дескрипторларды қолдану ерекшеліктерін түсіндірді.

Дөңгелек үстелде педагогтер тәжірибелерімен бөлісті. Аяжан Кажкеева цифрлық платформаларды пайдалану арқылы оқушылардың оқу және математикалық сауаттылығын арттыруды көрсетті. Гүлбаршын Апешова жасанды интеллект құралдары арқылы логикалық ойлауды дамыту тәжірибесін ұсынды. Людмила Матюхова оқушыларды мониторингке сапалы дайындаудың әдістерін таныстырса, Алла Молдахметова функционалдық сауаттылықты арттырудың тиімді үлгілерін көрсетті.

Семинар қорытындысында мұғалімдерге мониторингке дайындықты жүйелі жүргізу, тапсырмалар қорын көбейту, критериалды бағалауды тиімді қолдану, цифрлық ресурстар мен жасанды интеллект құралдарын кезең-кезеңімен енгізу және тәжірибе алмасуды тұрақты ұйымдастыру сияқты нақты ұсыныстар берілді.