Үздіктер арасындағы үздік жетістік

Үздіктер арасындағы үздік жетістік

Өскемен қаласында өткен Халық әртістері, ағайынды Абдуллиндердің 110 жылдық мерейтойына арналған республикалық вокалистер байқауы өз ауқымы мен беделі жағынан ерекше мәнге ие, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған дарынды орындаушыларды тоғыстырған айтулы өнер мерекесіне айналды. Бұл байқау – тек шеберлік сыналатын алаң ғана емес, сонымен қатар ұлттық вокал өнерінің биік деңгейін айшықтайтын беделді сахна болды. Қазақстанның таңдаулы вокалистері өз өнерлерін паш етіп, кәсіби шеберліктің үздік үлгілерін көрсетті.

Осындай жауапты әрі тартысты додада музыкалық колледждің 4 курс студенті Даулетқали Әсия жүлделі ІІ орынды иеленіп, зор жетістікке қол жеткізді. Оның жетекшісі – тәжірибелі ұстаз Альжанова Г.Т. Әсия байқау қорытындысы бойынша 150 000 теңге көлемінде сертификатпен марапатталып, өз талантының жоғары деңгейін дәлелдеді.

Сонымен қатар, Даулетқали Әсия мен Нигиметолла Айгерим дуэті де жарқын өнер көрсетіп, ІІ орын иегерлері атанды. Дуэттің жетекшісі – Казбеков А.Н., ал концертмейстері – кәсіби шеберлігімен танылған Габайдуллина Ф.Г. Дуэт 300 000 теңге көлеміндегі сертификатқа ие болып, көрермендер мен қазылар алқасының жоғары бағасына бөленді.

Бұл байқаудың жоғары деңгейін ескерсек, еліміздің үздік вокалистері арасында жүлделі орынға ие болу – үлкен мәртебе мен зор абырой. Музыкалық колледж студенттерінің бұл жеңісі – олардың табиғи таланты мен тынымсыз еңбегінің, сондай-ақ ұстаздарының кәсіби біліктілігі мен жанашырлығының айқын көрінісі.

Жас өнерпаздарды және олардың жетекшілерін шын жүректен құттықтаймыз! Оларға шығармашылық шабыт, жаңа белестер мен толағай табыстар тілейміз!