
Павлодар облысында мектеп оқушылары мен студенттерді біріктірген WorldSkills Pavlodar–2026 өңірлік чемпионаты бастау алды. Ауқымды шара жас буынның кәсіби бағдарын айқындап, болашақ мамандыққа алғашқы қадам жасауына мүмкіндік беруде.
Павлодар қызмет көрсету саласы колледжінде «Сән технологиясы» құзыреттілігі бойынша JuniorSkills сайысы өтіп, жас қатысушылар өз қолдарымен түрлі бұйымдар дайындады. Сонымен қатар, мұнда балалардың ерте жастан кәсіпке қызығушылығын арттыруға бағытталған BabySkills бағыты да қарқынды дамып келеді.
Қазтұтынуодағының жоғары экономикалық колледжінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушыларға арналған Abilympics чемпионаты ұйымдастырылып, қатысушылар робототехника бойынша өз білімдері мен шеберліктерін көрсетті. Олар инженерлік ойлау қабілеттерін, практикалық дағдыларын және табысқа деген ұмтылысын айқын дәлелдеді.
Ал химия-механикалық колледж базасында «Зертханалық және химиялық талдау» құзыреттілігі бойынша жарыстар өтіп, оқушылар тәжірибелер жүргізу арқылы өздерінің кәсіби біліктіліктерін танытты.
WorldSkills – бұл жай ғана жарыс емес, әр қатысушыға өз әлеуетін ашуға, болашақ мамандығын саналы таңдауға және сенімді қадам жасауға жол ашатын маңызды алаң.