«Педагогикалық action: идеядан практикаға» – тәжірибе алмасудың тиімді алаңы

«Педагогикалық action: идеядан практикаға» – тәжірибе алмасудың тиімді алаңы

Тереңкөл ауданының «Талбесік» бөбекжайы базасында «Педагогикалық action: идеядан практикаға» тақырыбында облыстық педагогикалық практика фестивалі өтті. Ауқымды іс-шара педагогтердің тәжірибе алмасуына, заманауи әдіс-тәсілдерді талқылауға және кәсіби шеберлікті арттыруға бағытталды.

Фестивальге Б.Ахметов атындағы педагогикалық жоғары колледжінің педагогтары мен студенттері, сондай-ақ Павлодар қаласы, Тереңкөл, Железин және Павлодар аудандарынан мектепке дейінгі тәрбие және оқыту ұйымдарының педагогтері қатысты. Жалпы, 15 педагог өз тәжірибелерімен бөліссе, 30-ға жуық маман тыңдаушы ретінде қатысып, кәсіби пікір алмасты.

Іс-шараның басты мақсаты – өскелең ұрпақты тәрбиелеуде «Адал Азамат» бағдарламасының құндылықтарын тиімді енгізу, сондай-ақ заманауи тәрбие тәсілдерін көрсету, талқылау және тәжірибеге енгізу арқылы педагогтердің кәсіби құзыреттілігін дамыту.

Фестиваль барысында қатысушылар өздерінің үздік педагогикалық тәжірибелерін ұсынып, тәрбие жұмысының жаңа форматтары мен әдістерін таныстырды. Бұл өз кезегінде әріптестер арасында тәжірибе алмасуға, тиімді шешімдерді ортаға салуға және білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Осындай мазмұнды іс-шаралар педагогтерге облыстық деңгейде кәсіби байланыстарын нығайтып, өз тәжірибесін жетілдіруге жол ашады. Сонымен қатар, олар әдістемелік қоржынды толықтырып, білім беру үдерісіне жаңа серпін береді.