
Май ауданында білім беру саласы мен жоғары оқу орны арасындағы өзара ықпалдастық жаңа деңгейге көтерілуде. Аудандық білім беру бөлімі мен С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті арасында жасалған меморандум аясында мектеп оқушыларымен жүйелі кәсіби бағдар жұмыстары жүргізілуде.
Осы маңызды құжат шеңберінде 2026 жылғы 26 наурыз күні университет базасында Май ауданы мектептерінің 8–11 сынып оқушыларына арналған танымдық-экскурсиялық сағаттар ұйымдастырылды. Ауқымды шараның басты мақсаты – жасөспірімдерге болашақ мамандықты саналы таңдауға бағыт-бағдар беру, олардың кәсіби қызығушылықтарын арттыру және еңбек нарығындағы мүмкіндіктермен таныстыру.
Кездесу барысында оқушылар университеттің факультеттерімен танысып, танымдық экскурсияға қатысты. Сондай-ақ, қызықты викториналар ұйымдастырылып, білім алушылар белсенділік танытты. Іс-шара барысында қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар, олардың даму перспективалары мен өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Университет өкілдері оқушыларға кәсіби таңдау жасаудың маңыздылығы туралы мазмұнды кеңестер беріп, әр мамандықтың ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін жан-жақты түсіндірді.
Меморандумда белгіленген міндеттерге сәйкес, 2028 жылға дейін Май ауданы мектептері мен университет арасында тығыз әрі жүйелі байланыс орнату көзделіп отыр. Атап айтқанда, бейіндік пәндер бойынша сабақтарға жоғары оқу орнының оқытушыларын тарту арқылы ресурстық орталық ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыруда университеттің жетекші ғалымдары тарапынан әдістемелік қолдау көрсету де қарастырылған.
Мұндай мазмұнды әрі мақсатты шаралар жас ұрпақтың кәсіби бағдарын айқындап қана қоймай, олардың өмірлік жолын дұрыс таңдауына берік негіз қалыптастыратыны сөзсіз.