Павлодар оқушылары құрақ құрап, ұлттық сандық жасады

Павлодар оқушылары құрақ құрап, ұлттық сандық жасады

Көздің жауын алатын ерекше алаңдар — ұлттық рухтың тірі көрінісі

Бұл жолы Наурыз мерекесі тек сахнамен шектелмейді. Келесі бір ерекше кеңістік — құрақ панно, сандықтар мен киіз үйлер алаңы. Бұл жерге ат басын бұрған әрбір жан өзін нағыз қазақтың ауылына келгендей сезінеді…

«Nauryz құрақ» — ұрпақ қолымен өрілген тарих.
Білім беру ұйымдарының оқушылары дайындаған алып туынды — ұзындығы 80 метрлік құрақ панно. Оның ішінде 44 метрлік бөлігі 22 құрақ көрпеден құралған. Әр қиындысында — бір отбасының жылуы, әр өрнегінде — ұлттық кодтың ізі бар.

«Nauryz City» — бірлік пен алуан түрліліктің символы.
35 киіз үйден құралған бұл арт-инсталляция қазақ халқының кеңдігін, ынтымағын және мәдени байлығын бейнелейді. Әрбір киіз үй — бір әлем, бір тарих, бір тағдыр…

«Nauryz Art» — қолөнердің қайта жаңғыруы.
Облыстық «Ұрпақ үні» жобасы аясында ұсынылған 46 сәндік сандық — оқушылардың алты айлық еңбегінің нәтижесі. Олар ұлттық сандықтың тарихын зерттеп, ою-өрнек пен жасау технологияларын меңгеріп, өз қолдарымен көлемді туындылар жасады.

Сандық — жай ғана бұйым емес. Ол — отбасының берекесі, ұрпақ сабақтастығының белгісі, ұлттық жадтың сақтаушысы.

Бұл алаң — өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпір. Мұнда әр бұйым сөйлейді, әр өрнек сыр шертеді, ал әрбір көрермен сол тарихтың бір бөлшегіне айналады.

Павлодар облысының білім беру мекемелерінің оқушылары мен ұстаздарының қолынан шыққан бұл туындылар Наурыз мерекесінің сәнін келтіріп, ұлттық рухтың айшықты көрінісіне айналды.