
Павлодар қаласында №47 және №48 «Келешек» мектептері мен Білім инновациялық лицейі арасында білім беру саласындағы стратегиялық ынтымақтастықты нығайту мақсатында ресми меморандумға қол қойылды.
Осыған орай Білім инновациялық лицейінің ұстаздары мен мектеп әкімшілігі №48 мектепке арнайы келіп, оқу ордасымен танысты. Қонақтарға мектеп ішінде экскурсия ұйымдастырылып, заманауи техникалық база таныстырылды. Атап айтқанда, математика, география, химия, физика, биология және STEM робототехника кабинеттері көрсетілді. Сонымен қатар ұлдар мен қыздарға арналған еңбек кабинеттері мен бастауыш сынып бөлмелері де назардан тыс қалмады.
Кездесу барысында тәжірибе алмасу жүзеге асып, бірқатар маңызды идеялар мен бірлескен жобалар ұсынылды. Алдағы уақытта екі тарап білім сапасын арттыру, оқу процесін жетілдіру және оқушылардың оқу мотивациясын күшейту бағытында бірлесе жұмыс атқаратын болады.