Павлодар облысында 30 мың оқушы бір мезетте күй тартты

Павлодар облысында 30 мың оқушы бір мезетте күй тартты

Павлодар облысында «Күй күмбірі» республикалық акциясына 30 мың оқушы қатысты.

Ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған ауқымды мәдени бастама өңір кеңістігін домбыраның қоңыр үнімен тербеп, Наурыз мерекесінің мазмұнын тереңдете түсті.

Іс-шараға қатысқан оқушылар бір мезетте күй орындау арқылы ұлттық бірлік пен рухани сабақтастықтың жарқын үлгісін көрсетті. Мыңдаған жас домбырашының үйлесімді орындауы көрермендерге ерекше әсер сыйлап, кеңістікті тұтас бір мәдени ортаға айналдырды.

Шара Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылып, Павлодар облысының білім беру басқармасының үйлестіруімен өткізілді.

Павлодар қаласындағы «Batyr Mall» сауда орталығында өткен негізгі алаңда күй өнерінің үздік туындылары орындалды. Атап айтқанда, Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», Құрманғазы Сағырбайұлының «Сарыарқа», Дәулеткерей Шығайұлының «Көроғлы» күйлері, сондай-ақ халық күйі «Тепең көк» көпшілік назарына ұсынылды.

Жобаның басты мақсаты — өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттау, күй өнері арқылы тарихи-мәдени мұраны дәріптеу және ұрпақтар сабақтастығын нығайту.

«Күй күмбірі» акциясы өңірдегі білім беру ұйымдарының бірлігін айқындап қана қоймай, оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.

Бұл бастама — жас ұрпақтың рухани дамуына серпін беретін, ұлттық мәдениеттің өміршеңдігін көрсететін маңызды қадам.

- Бұл шара – ұлттық дәстүрді насихаттаудың, жас ұрпаққа рухани тәрбие берудің тамаша үлгісі. Күй күмбірі балалардың шығармашылық қабілетін шыңдап қана қоймай, олардың тарих пен мәдениетке деген сүйіспеншілігін арттырады», — дейді «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты» кешенінің басшысы Серік Сыздықов.

Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымдастырылған челлендж — жыл сайынғы дәстүрге айналған игі шара. Биыл Павлодар облысында 30 мыңнан астам оқушы бір мезетте республикалық челленджге қатысып, дарынды мектептер, музыкалық және жалпы білім беру ұйымдарының балалары бірігіп, күй күмбірін әуелетті. Ең кішкентай домбырашы – 6 жаста, ал ең үлкені – 17–18 жастағы жастар.