Ұлттық рухты ұлықтаған ұстаз жолы

Ұлттық рухты ұлықтаған ұстаз жолы

18 наурыз – Ұлттық киім күні. Бұл күн – халқымыздың болмысын, тарихы мен рухани құндылықтарын жаңғыртып, ұрпақ санасына сіңіруге арналған ерекше мереке. Осындай тағылымы терең күні өз ісін ұлт мұрасымен ұштастырып жүрген жандардың еңбегі айрықша мәнге ие.

Солардың бірі – М.Әлімбаев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Сайлауқызы Абильманова. Ұстаздық жолды шығармашылықпен ұштастырған ол 20 жылдан астам уақыт бойы тігіншілік өнерін серік етіп келеді. Алайда оның қолөнері жай ғана хобби емес – бұл ұлттық тәрбие мен руханиятқа қызмет ететін үлкен миссия.

Салтанат Сайлауқызы үшін әрбір тігілген ұлттық киім – өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Бүлдіршіндерге арнап тігілген камзол мен көйлек, әрбір ою-өрнек пен бүрме – халқымыздың тектілігі мен бай тарихының көрінісі. Ол ұлттық киім арқылы жас ұрпақтың бойында мақтаныш сезімін оятып, «ұлттық киім – ұлттың айнасы» деген ұғымды ісімен дәлелдеп келеді.

Ұстаздың шығармашылығы мұнымен шектелмейді. Оның жүрегіне жақын тағы бір маңызды бағыт – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған тактильді кітаптар дайындау. Бұл – мейірім мен жауапкершілікті талап ететін нәзік іс. Себебі көру немесе қабылдау мүмкіндігі шектеулі балалар үшін әлемді тану – саусақ ұшымен сезіну арқылы жүзеге асады. Түрлі текстуралы маталар мен көлемді бейнелер арқылы жасалған кітаптар олардың қоршаған ортаны тануына, қиялын дамытуына және қоғамға бейімделуіне ықпал етеді.

Осылайша, Салтанат Сайлауқызының қолынан шыққан әрбір бұйымда тек шеберлік емес, шынайы жан жылуы мен тәрбие жатыр. Қазақы нақыштағы киімдер – ұлттық рухты көтерсе, ерекше балаларға арналған кітаптар – мейірімділік пен қамқорлықтың айқын көрінісі.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен қоғамға қызмет етуді қатар алып жүрген ұстаздың еңбегі – нағыз патриотизмнің үлгісі. Өйткені елге деген сүйіспеншілік тек сөзбен емес, нақты іспен, пайдалы әрекетпен өлшенеді.