Заманауи әдіс – сапалы білімге қадам

Заманауи әдіс – сапалы білімге қадам

Бүгін Қазы орта мектебінде желілік қоғамдастық аясында «Lesson Study – сабақты зерттеу арқылы білім сапасын арттыру» тақырыбында аудандық семинар ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – мұғалімдердің кәсіби тәжірибе алмасуын қамтамасыз ету, заманауи педагогикалық әдістерді тиімді қолдану арқылы білім сапасын арттыру.

Семинар бағдарламасы аясында педагогтер өз тәжірибелерімен бөлісіп, ашық сабақтар өткізді. Атап айтқанда, 5-сыныпта Қазақстан тарихы пәнінен «Қаңлылардың қалалық мәдениетінің дамуы» тақырыбында тарих пәнінің мұғалімі Досымхан Бекболат сабақ көрсетсе, 3-сыныпта қазақ тілі пәнінен «Болымды және болымсыз етістік» тақырыбында бастауыш сынып мұғалімі Айтымова Нургүл ашық сабақ өткізді. Сабақ барысында оқушылардың белсенділігі мен жаңа әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы білімді тиімді меңгеруі байқалды.

Сонымен қатар семинар барысында «Сандық платформаларды тиімді пайдалану – білім сапасының кепілі» тақырыбында шебер-сынып ұйымдастырылды. Шебер-сыныпты педагогтер Асқар Абсолямов пен Дариға Абсолямова жүргізіп, білім беру үдерісінде цифрлық платформаларды тиімді қолданудың жолдарын көрсетті.

Семинар соңында қатысушылар ашық сабақтарға талдау жасап, өзара пікір алмасты. Мұғалімдер сабақты зерттеу тәсілінің оқыту сапасын арттырудағы маңыздылығын атап өтіп, тәжірибе алмасудың тиімді алаңы болғанын жеткізді.

Аудандық семинар педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп, білім беру саласындағы жаңашыл тәжірибелерді кеңінен таратуға мүмкіндік жасады.