Silver sounds облыстың үздік жас музыканттарын жинады

Silver sounds облыстың үздік жас музыканттарын жинады

Павлодар қаласында 3–5 наурыз күндері V облыстық үрмелі және соқпалы аспаптарда орындаушылардың «Silver sounds» байқауы өтті. Ауқымды шығармашылық шара өңірдің дарынды музыканттарын тағы да бір арнаға тоғыстырып, орындаушылық шеберліктің жоғары деңгейін және аспаптық өнерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті.

Байқаудың ұйымдастырушысы – «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешені» мемлекеттік мекемесі. Шара Павлодар облысының білім басқармасы қолдауымен өткізілді. Ұйымдастырушылардың үйлесімді жұмысының арқасында байқау жоғары кәсіби деңгейде өтіп, нағыз музыка мерекесіне айналды.

Биыл байқауға 120 қатысушы қатысты. Шығармашылық додада 94 солист пен 8 ансамбль өнер көрсетті. Қатысушылар Павлодар, Екібастұз, Семей қалалары мен Тереңкөл ауданынан келді. Байқаудың географиясы жыл сайын кеңейіп, өңірдің мәдени өміріндегі маңыздылығы мен жоғары мәртебесін айқындай түсуде.

«Silver sounds» байқауы жас музыканттардың орындаушылық өнерін қолдауға және дамытуға, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға, кәсіби тәжірибе алмасуына және үрмелі әрі соқпалы аспаптар мектебінің дәстүрлерін нығайтуға бағытталған.

Байқау тыңдалымдарының қорытындысы бойынша жоғары деңгейдегі артистизм мен сахналық мәдениетті көрсеткен ең жарқын әрі техникалық шебер орындаушылар — Түрегелді Жасұлан (труба) мен Аверин Илья (кларнет) байқаудың бас жүлдесіне ие болды.

Ансамбльдер номинациясы бойынша I, II, III дәрежелі лауреаттар атанғандар: музыкалық колледждің «Clarion» ансамблі, балалар музыка мектебінің «Sax music» ансамблі, СП2 ұжымы және Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебінің «Julduzdar» ансамблі.

V облыстық «Silver sounds» байқауы жас орындаушылардың шығармашылық дамуына маңызды серпін берді. Бұл өнер додасы жаңа есімдерді танытып қана қоймай, қатысушыларға сахналық тәжірибе, шабыт және өз күшіне деген сенім сыйлады. «Silver sounds» өңірдегі орындаушылық өнер дәстүрін нығайтып, жаңа таланттардың жарқырауына жол ашуда.