Ананың мейірімі – жетістікке бастар жол

Ананың мейірімі – жетістікке бастар жол

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ертіс ауданында аудан әкімінің орынбасары Роза Аканованың қатысуымен дарынды қыздар мен олардың аналарымен жылы әрі мазмұнды кездесу өтті. Шара талантты жастарды қолдауға, ананың тәрбиедегі рөлін дәріптеуге бағытталды.

Кездесу барысында жас спортшылар, музыканттар, суретшілер, кәсіпкер қыздар мен зияткерлік байқаулардың жеңімпаздары өз жетістіктері мен табысқа жету жолындағы тәжірибелерімен бөлісті. Олар әрбір жетістіктің артында ананың сенімі, қолдауы мен мейірімі тұрғанын ерекше атап өтті.

Іс-шара аясында қыздар өз өнерлерін көрсетіп, шығармашылық нөмірлер ұсынды. Ал аналар мақсаткер әрі дарынды қыз тәрбиелеудің қыр-сыры туралы ой бөлісті.

Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Роза Аканова аналардың еңбегіне ерекше тоқталып, олардың бала тәрбиесіндегі орны зор екенін атап өтті.

Шара соңында аналарға алғыс хаттар табысталып, дарынды қыздарға естелік сыйлықтар берілді. Жылы атмосферада өткен кездесу қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, аналар мен қыздардың өзара байланысын тағы бір мәрте айқындай түсті.