
Бүгін Павлодар ауданының Заңғар мектебінде «Даналық мектебі» клубы аясында «Адамның рухани байлығы – адамгершілік» атты тәрбиелік форум өтті. Рухани құндылықтарды ұлықтап, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуды мақсат еткен мазмұнды жиын мектеп пен ата-ана, қоғам арасындағы байланысты тереңдете түсті.
Форум аясында ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің «Бақша ағаштары» әңгімесі желісімен сахналық көрініс қойылып, бала тәрбиесінің мәні терең мазмұнда ашылды. Қойылым арқылы жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар берудің маңыздылығы көркем түрде жеткізілді.
Сонымен қатар «Тойбастар» рәсімі көрсетіліп, «Бұрымды қыздарымыздың» шаш өру үлгісі таныстырылды. Бұл көріністер қыз бала тәрбиесінің нәзік те терең мәнін айшықтай түсті.
Форумның мазмұнын байытқан тағы бір бөлім – шеберлік сағаттары болды. Мектептің «Аққу» клубының қыздары ұлттық әшекейлер – сырға, шекелік жасаудың қыр-сырын көрсетіп, қолөнер арқылы ұлттық болмысты насихаттады. Ал аналар кеңесінің мүшесі гипстан сәндік бұйымдар жасаудың тәсілдерін таныстырып, шығармашылықтың шексіз мүмкіндігін көрсетті. Құрт қысу, кептіру үдерісі де көрсетіліп, ата-бабадан жалғасқан тағам дайындау дәстүрінің мәні түсіндірілді.
Форум барысында ұсынылған әрбір шеберлік сағаты ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, оқушылардың қызығушылығын арттырып, еңбекке баулыды. Жиын мазмұны жас ұрпақтың жүрегіне ізгілік дәнін сеуіп, рухани байлықтың бастауы – адамгершілік екенін тағы бір мәрте айқындады.