
Алматы қаласында «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері арасында V республикалық қысқы спартакиада аясында «Қалқан» қысқы Президенттік көпсайысы ұйымдастырылды. Елдің әр өңірінен жиналған жас сарбаздар әскери-спорттық шеберліктерін шыңдап, өзара мықтыларды анықтады.
Жарыс бағдарламасына пневматикалық мылтықтан ату, күштік дайындық және 3 шақырым қашықтыққа шаңғы жарысы енгізілді. Ұлдар кермеде тартылудан сынға түссе, қыздар шалқалап жатқан қалыпта денені көтеру жаттығуын орындады. Бұл сайыстар қатысушылардың төзімділігі мен физикалық дайындығын ғана емес, ерік-жігерін де сарапқа салды.
Павлодар облысының намысын «Қайсар» әскери-патриоттық клубының мүшелері қорғады. Құрама сапында А. Шамкенов атындағы ЖОББМ-нің 7-сынып оқушысы Тимофеева Эвелина, М. Жұмабаев атындағы ЖОББМ-нің 9 және 10-сынып оқушылары Бегзак Ислам мен Богданович Александра, сондай-ақ Аққулы ауданындағы Тілекшіс ЖОББМ-нің 9-сынып оқушысы Сейткулов Нұрмұхаммед өнер көрсетті.
Тартысты дода қорытындысы бойынша Павлодар облысының командасы 20 құраманың ішінен жүлделі III орынды иеленді. Жас сарбаздар жалпы саны 8 медальға қол жеткізіп, оның ішінде 2 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Қатысушылар грамоталармен марапатталып, команда Кубокқа ие болды.
Бұл жеңіс – жүйелі дайындық пен табанды еңбектің нәтижесі. Жас сарбаздардың жетістігі олардың әскери-патриоттық рухының биіктігін айқындап, болашақта да биік белестерді бағындыруға серпін беретіні сөзсіз.