
Аққулы ауданында мектептердің «Даналық мектебі» ата-аналар клубтарының ұйымдастыруымен маңызды кездесу өтті.
Кездесуге белгілі қоғам қайраткері, «Тең - теңге» қабылдаушы ата-аналар клубының жетекшісі Сипатилова Салтанат Муратовна арнайы қатысты.
Аталған клуб алты жыл бойы нәтижелі жұмыс жүргізіп, бүгінде Қазақстан бойынша 350-ден астам қабылдаушы отбасын біріктіріп отыр. Ұйымның басты мақсаты – қабылдаушы ата-аналарға қолдау көрсету, тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру және отбасы құндылықтарын нығайтуға үлес қосу.
Кездесу ашық диалог форматында өтіп, бала тәрбиесі, психологиялық қолдау, мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастық мәселелері кеңінен талқыланды. Әр клуб мүшесі өз өнерлерін көрме түрінде паш етті.
Салтанат Муратовна өз тәжірибесімен бөлісіп, қабылдаушы отбасылармен жұмыс жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
Шара барысында ата-аналар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мазмұнды жауаптар алды. Мұндай кездесулер ата-аналар қауымдастығын біріктіріп, өзара қолдау мен түсіністікті арттыруға ықпал ететіні ерекше атап өтілді.
Бұл жүздесу – отбасы институтын нығайтуға, бала мүддесін қорғауға және мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған игі бастамалардың бірі болды.