Білім беру ұйымдарына кадр қабылдау: заң талаптары қатаң бақылауда

Білім беру ұйымдарына кадр қабылдау: заң талаптары қатаң бақылауда

Білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылдау мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті. Кеңеске Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Азанбаеваның төрағалық етуімен мектеп директорлары мен мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары қатысты.

Іс-шараға сондай-ақ ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Павлодар облысы бойынша қылмыстық саладағы құқықтық ақпарат бөлімінің бастығы Ахметов Серік Зарыққанұлы және аталған департаменттің прокуроры Каменов Эльдар Серікұлы арнайы қатысып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Кеңес барысында білім беру ұйымдарында еңбек қызметін жүзеге асыруға құқығы жоқ, сотталғандығы бар немесе қылмыстық жауаптылыққа тартылған тұлғаларды жұмысқа қабылдау мәселелері жан-жақты қаралды. Сонымен қатар, Комитеттің ұсынулары негізінде қаралатын құқықтық сипаттағы өзекті сұрақтар талқыланып, заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігі атап өтілді.

Жиында кадрларды іріктеу кезінде құқықтық тексерулердің маңыздылығы, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастырудағы басшылардың жауапкершілігі және тиісті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды күшейту мәселелері қозғалды.

Кеңес қорытындысында білім беру ұйымдары басшыларына еңбек заңнамасы мен қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер талаптарын мүлтіксіз сақтау, жұмысқа қабылдау рәсімдерін ашық әрі заң аясында жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Аталған жұмыс кеңесі білім беру саласында заңдылықты қамтамасыз етуге, балалардың қауіпсіздігін қорғауға және кадрлық саясаттың ашықтығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.