
Павлодар өңіріндегі Ұзынсу жалпы орта білім беру мектебінің 9-сынып оқушысы Мақсат Мукушев бүгінде баламалы энергетика саласында батыл қадам жасап жүрген жас зерттеушілердің бірі.
Жас болса да, оның ғылыми ізденісі облыстық және республикалық деңгейде жоғары бағаланып үлгерді.
Бала күнінен техникаға әуес өренді әсіресе экологиялық қауіпсіздік пен жаңартылатын энергия көздері қызықтырды. Әлемдегі «жасыл» энергетикаға көшу үрдісі оны қанаттандырып, жел энергиясын зерттеуге жетеледі. Осылайша, қарапайым қызығушылық үлкен ғылыми жобаға ұласты.
Жас өнертапқыштың басты жаңалығы — мобильді жел генераторы. Бұл — дала жағдайында электр қуатын өндіре алатын ықшам құрылғы. Құрылымының қарапайымдылығы мен жеңіл жиналуы оны туристік сапарларда, ауылдық аймақтарда және төтенше жағдайларда пайдалануға мүмкіндік береді.
Жоба дәстүрлі энергия көздеріне тәуелділікті азайтып, жастар арасында баламалы энергетиканы насихаттауға бағытталған.
Оқушының ғылыми жетекшісі Нина Литвинова жас зерттеушінің еңбегін ерекше атап өтті:
«Бұл жоба – тек құрылғы құрастыру емес, бұл – баланың экологиялық ойлау жүйесінің қалыптасуы. Ол әр тәжірибесін жауапкершілікпен жасап, әр нәтижені талдап отырады. Осындай табандылық үлкен ғылымға бастайды», – дейді жетекшісі.
Оқушының ғылыми жұмысы бірнеше мәрте байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Ал «ProEco» республикалық экологиялық байқауындағы жеңісі – оның ең үлкен жетістіктерінің бірі.
Қазылар алқасы жобаның инновациялық сипатын, практикалық маңызын және экологиялық ойлауды дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Бүгінде жас зерттеуші өз моделін жетілдіру үстінде. Ол құрылғының тиімділігін арттыру мақсатында сынақтар жүргізіп, жаңа техникалық шешімдерді қарастыруда.
Оның арманы – экологиялық таза энергияны қолжетімді етіп, баламалы энергетиканың дамуына үлес қосу.
Желдің қуатын игерген жас өнертапқыштың табысы – табандылық пен ғылымға деген шынайы қызығушылықтың жемісі. Болашақтың энергиясы дәл осындай ізденімпаз жастардың қолында екені сөзсіз.