
Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназия базасында оқу-әдістемелік кешен (ОӘК) бойынша семинар ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – Қостанай қаласында өткен республикалық оқу-әдістемелік кеңесте жинақталған озық тәжірибелерді әріптестер арасында тарату және кәсіби ықпалдастықты нығайту.
Семинарға Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Азанбаева, сондай-ақ өңірдегі мамандандырылған мектептердің басшылары қатысты. Бұл – білім беру ұйымдары арасындағы өзара тәжірибе алмасудың маңыздылығын айқындай түсті.
Жыл сайын ақпан айында Дарын республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастыратын оқу-әдістемелік кеңес биыл 12–13 ақпанда Қостанай қаласында өтті. Кеңесте цифрлық қоғам жағдайында тәрбиені жаңғырту, оқу мен тәрбие үдерісіне заманауи технологиялар мен жасанды интеллект элементтерін тиімді енгізу тәжірибелері таныстырылды.
Семинар барысында аталған бағыттар кеңінен талқыланып, кәсіби пікір алмасу алаңы қалыптасты. Әсіресе жас мамандарды қолдау, педагогикалық байқауларға қатыстыру және оқушылардың ғылыми жобаларын дамыту бағытындағы жұмыстар ерекше қызығушылық тудырды.
Іс-шара өңіраралық ынтымақтастықты нығайтып, сапалы білім мен саналы тәрбие беруге бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасын табуына негіз қалады.