
Баянауыл ауданындағы Қаражар негізгі мектебінің 8-сынып оқушысы Ерасыл Қанат – қарапайым ғана ауыл баласы. Бірақ оның күнделікті еңбегі көпшілікке ой саларлық.
Ерасыл компьютерлік ойындарды ұнатады, физика мен тілдерді қызығып оқиды. Үйінде – ата-анасына көмекші, екі қарындасына қамқор аға. Ал кеш түсе келе ол – шағын наубайхананың иесі.
Арманы – соңғы үлгідегі телефон сатып алу. Біреу үшін бұл жай ғана гаджет болса, Ерасыл үшін – мақсат. Ол телефонды ата-анасынан сұрап алмай, өз еңбегімен табуды жөн көрген. Арманына қол жеткізу үшін 17 мың тоқаш сату керек екен.
Қазірдің өзінде күн сайын 50–70 тоқаш пісіреді. Кейде 100-ден асады. Кешкісін 5–7 үйге, кейде 10-нан астам отбасыға таратады. Қазіргі таңда ауылдастарынан арнайы тапсырыс қабылдай бастады. Жас кәсіпкердің тәттілеріне ауылда сұраныс бар.
Біз Ерасылдың үйіне арнайы барып, ата-анасымен тілдестік. Анасы Зура Сапаровна – орыс тілі пәнінің мұғалімі. Ұлының еңбекке ерте араласуына отбасы тәрбиесінің ықпалы зор екенін айтты. Өзі бос уақытында тігін тігеді. Ұқыптылық пен жауапкершілік – осы үйдің басты қағидалары дейді анасы.
Әкесі табиғатты суретке түсіруді ұнатады. Таудағы жануарлар мен ауыл көріністерін объективке сыйдырады. Шығармашылыққа жақындық пен еркін ойлау Ерасылдың да мінезінен байқалады.
Ерасыл – бірде жуас, бірде тік мінезді, бірақ жүрегі жұмсақ, алғыр, қайсар бала. Қазір ол тек телефон үшін емес, жақсы тоқаш пісіретін пеш алу үшін де жұмыс істеп жүр.
Бұл – жай ғана тоқаш туралы әңгіме емес. Бұл – еңбек туралы, жауапкершілік туралы, арманға адалдық туралы оқиға. Қарапайым ауыл баласының табандылығы үлкен тәрбие мектебіне айналып отыр.
Осындай мақсатшыл, еңбекқор, арманына адал жасөспірімдер – барша оқушыларға үлгі. Арманға апарар жол адал еңбектен басталатынын Ерасыл өз ісімен дәлелдеп келеді.