
Астана қаласында «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы мен CAP Education бірлесіп ұйымдастырған республикалық AITUCAP HACKATHON өтті. Бұл іс-шара мектеп оқушыларына арналған, екі күн бойы командалар өз IT-жобаларын – бағдарламалар, веб-сайттар, мобильді қосымшалар және басқа да шешімдер – әзірлеуге арналған нағыз жарыс.
Қазақстан бойынша мыңнан астам командадан іріктеу жүргізіліп, бірінші турдан 76 команда екінші турға өтті, ал финалға 50 үздік команда шақырылды. Павлодар қаласы атынан қатысқан Абай атындағы гимназияның “BilimTech” командасы республикалық кезеңде өз бақтарын сынап, үздік үштікке енді.
Сонымен қатар, жарысқа қатысқан өңірлер арасында Астана, Алматы, Екібастұз, Ақмола, Өскемен, Қарағанды, Көкшетау, Қызылорда, Тараз, Түркістан, Шымкент, Петропавл, Ақтөбе, Атырау, Орал, Қосшы, Қонайқорған, Жетісу облысы, Манғыстау және Ақтау бар. Сондай-ақ, Екібастұз қаласынан №18 жалпы орта білім беру мектебінің оқушылары – Нұрымжан Даниял мен Шоханов Даулет қалалық және облыстық кезеңдерден сүрінбей өтіп, республикалық деңгейде мектебінің намысын қорғады.
Команданың жетекшісі Ахауова Шарбану Ермухамбетовна оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беріп, шығармашылық пен білімдерін шыңдауға елеулі үлес қосты.
Хакатон – қатысушыларға бағдарламалау, инновация және IT дағдыларын дамытуға, командалық жұмыс арқылы тиімді шешімдер ұсынуға мүмкіндік беретін ерекше алаң. Бұл жарыс оқушыларға өз білімін тәжірибеде тексеріп, шектеулі уақыт ішінде ең үздік IT-шешімдерді жасауға шақырады.
“BilimTech” командасының жетістігі – Павлодар оқушыларының шығармашылық әлеуеті мен IT саласындағы қабілеттерінің жарқын көрінісі.