Жігері мықты жас шабандоз

Жігері мықты жас шабандоз

Ертіс ауданына қарасты «Ағашорын орта мектебінің» 9 сынып оқушысы Руслан Равшанбеков – ұлттық ат спортына адалдық танытып, талай додада топ жарып жүрген талапты жас. 2022 жылдан бері «Құлагер» клубының құрамында шыңдалып келе жатқан ол қысқа уақыт ішінде аудандық, өңірлік және республикалық деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

2023 жылы Ақтоғай ауданының 85 жылдығына арналған бәйгеде І орын иеленіп, Ертіс ауданының чемпионы атанды. Екібастұз және Баянауыл аудандарындағы жарыстарда да жүлделі орындарға ие болды. Ал 2024 жылдың 22 маусымында Көкшетау қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында аламан бәйгеден ІІ орын алып, 2 миллион теңге жүлдені жеңіп алды. Бұл – жас спортшының бүгінгі күнге дейінгі ең ірі жетістігі.

  • «Бұл менің өмірімдегі өте ерекше күн және ең үлкен дәреже. Осындай деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатыстым. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған мықты спортшылар болды. Қатты қобалжыдым, бірақ өзіме және жылқыма сенім арттым, – дейді Руслан.

Руслан үшін жылқы – жай ғана спорт құралы емес, рухани серік. Ол жылқыны ерекше сезінеді, оның ақылды әрі адамға күш-қуат беретін қасиетін жоғары бағалайды. Жылқы адамның рухын оятып, сенімін нығайтатын қасиетке ие деп есептейді. Сондықтан тұлпар мен шабандоз арасындағы байланыс – оның жеңісінің басты негізі.

Руслан тек бәйгеде ғана емес, ұлттық қолөнерге де жақын. Оқу кезеңінде ол қамшы өру өнерін меңгеріп, 4–6 таспадан тұратын қамшыны өз бетінше өре алатын деңгейге жетті. Бұл – оның ұлттық дәстүрге деген құрметі мен еңбекқорлығының айқын көрінісі.

  • «Қамшы өру мен үшін хобби саналады. Қамшы – жігіттіктің белгісі, ал жігіттіктің белгісі – жылқы. Сондықтан бұл екі ұғымды бөлек қарастыру мүмкін емес. Әр үйге кіріп, қамшыны көргенде, атпен айналысатын адамның бар екенін білуге болады. Қамшы жамандықтан сақтайды», – дейді ол.

Қазіргі таңда Руслан «Құлагер» клубының ең белсенді әрі болашағынан зор үміт күттіретін мүшелерінің бірі. Ол алға қойған мақсатына ұмтылғыштығымен, тынымсыз еңбегімен және жоғары спорттық жетістіктерімен дараланады. Төрт жыл бойы жинақтаған тәжірибесінің арқасында жылқы күтімінің қыр-сырын терең меңгеріп, тұлпармен тіл табыса білетін деңгейге жетті. Жылқыны баптау, ерттеу, жарысқа дайындау және бәйге жолына қауіпсіз алып шығу – оның күнделікті дағдысына айналған.

Клубта алған тәлімі Русланның бойында жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастырды. Ол жылқы мінезін сезіне білетін, бәйге ережелерін жетік меңгерген, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтайтын жас шабандоз ретінде танылып келеді.