
Жігер орталығының бастамасымен қаңтар–ақпан айларында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан аналарға арналған «Әйдидай» әлеуметтік жобасы табысты жүзеге асырылды. Екі ай бойы 40 қатысушы тегін курстарға қатысып, жаңа кәсіп игеріп, шығармашылық қабілеттерін дамытты.
Жоба төрт бағыт бойынша ұйымдастырылды: кондитерлік іс, тігін шеберлігі, гипстен сәндік бұйымдар жасау және ұлттық сәндік әшекейлер дайындау.
«Әйдидай» әлеуметтік жобасы аясында ұйымдастырылған курстар аналардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, олардың өміріне жаңа серпін берді. Бағдарлама төрт бағыт бойынша жүргізіліп, әр қатысушы өз қызығушылығына сай кәсіп түрін меңгеруге мүмкіндік алды.
Тігін шеберлігі сабағында аналар матаға жан бітіріп, тұрмыстық әрі сәндік бұйымдар тігуді үйренді. Әрбір тігіс ұқыптылық пен төзімділікті талап етсе, дайын болған әр бұйым – еңбектің нақты нәтижесіне айналды. Бұл бағыт табандылық пен татулықтың, өзара қолдаудың үлгісін көрсетті.
Кондитерлік іс бағыты бойынша қатысушылар түрлі тәтті өнімдерді әзірлеуді, оларды заманауи үлгіде безендіруді меңгерді. Дәм мен сән үйлесім тапқан бұл сабақтар аналардың аспаздық шеберлігін шыңдап, үй жағдайында табыс табуға жол ашты.
Гипстен сәндік бұйымдар жасау сабағында қатысушылар интерьерге арналған әсем заттарды дайындауды үйренді. Қарапайым материалдан көз тартарлық бұйым жасау – шығармашылық қиял мен шеберлікті қажет етеді. Бұл бағыт аналардың эстетикалық талғамын дамытып, жаңа кәсіп түрін игеруіне мүмкіндік берді.
Ұлттық сәндік әшекейлер дайындау барысында қатысушылар дәстүр мен заманауилықты ұштастыра отырып, әдемі әшекей бұйымдар жасады. Бұл бағыт ұлттық құндылықтарды жаңғыртып, қолөнер арқылы мәдени мұраны насихаттауға ықпал етті.
Барлық бағытта ұстаздар өнімнің толық өзіндік құнын есептеуді, шикізатты тиімді бағамен алуды, дайын бұйымды дұрыс бағаға сатуды түсіндірді. Қатысушылар өз еңбегін бағалауды, табыс пен шығынды есептеуді үйренді.
Сонымен қатар мобилография сабағында аналар өз өнімдерін сапалы түсіруді, әлеуметтік желілерде сауатты жарнамалауды меңгерді. Бұл – бүгінгі заман талабына сай дағды. Өз қолымен жасаған бұйымды көпшілікке дұрыс таныстыра білу – табысқа бастар маңызды қадам.
Көп балалы ана Айнагүл Жұмағұлова жоба туралы өз әсерін былай жеткізді: «Маған бұл жоба өте қатты ұнады. Көп нәрсеге үйрендім. Біз жай ғана отырып тігіп қойған жоқпыз, бір-бірімізбен сөйлесіп, пікір алмастық. Сабақтар өте қызықты әрі тағылымды өтті. Әр сенбі сайын 12 сабаққа қатыстым. Желетке, шопер тіктік, диадема мен тақия жасадық. Бұл уақыт мен үшін пайдалы әрі ерекше кезең болды», – дейді.
Оның айтуынша, жоба тек шеберлік үйретіп қана қоймай, аналардың бір-бірімен араласып, орта табуына, рухани қолдау алуына мүмкіндік берген.
- «Маған жоба өте ұнады. Бір ай ішінде гипстен сәндік бұйымдар жасау және ұлттық әшекейлер дайындау курстарынан өттім. Педагогтер өте мұқият, барлығын түсінікті етіп үйретеді. Сабақтар шеберлік сағаты түрінде өтті, біз бірден тәжірибе жасап, дағдыларымызды жетілдірдік. Қазір гипс құюға арналған қалыптар мен қажетті құралдарды ала бастадым. Алдағы уақытта осы іспен айналысуды жалғастырамын», – дейді қатысушы Ольга Крит.
Бұл пікірлер жобаның нақты нәтижесін айқындайды. Қатысушылар алған білімін іс жүзінде қолдануға дайын екенін көрсетті.
Жобаның салтанатты қорытынды кешінде қатысушылардың жұмыстары көрмеге қойылып, әр бағыт бойынша сертификаттар табысталды. Қатысушылар курсты сәтті аяқтағаны үшін сертификатқа ие болды. Сонымен қатар білімін бөліскен ұстаздарға арнайы сертификаттар табысталып, жобаны қолдаған демеушілер мен серіктестерге алғыс хаттар берілді.
«Әйдидай» жобасы аналарға тек кәсіп емес, сенім сыйлады. Бұл – жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан, еңбекті бағалауды үйреткен, қоғамдағы әйелдердің белсенділігін арттырған маңызды әлеуметтік бастама.