Тереңкөлде есірткіге қарсы кең көлемді профилактикалық жұмыстар жүргізілді

Тереңкөлде есірткіге қарсы кең көлемді профилактикалық жұмыстар жүргізілді

Тереңкөл аудан орталығында «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында жастар арасында есірткінің алдын алуға бағытталған ауқымды профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – өскелең ұрпақтың бойында рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру және мемлекет, қоғам мен отбасының бірлескен жауапкершілігін күшейту.

Шараларға 800-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында мектеп оқушылары, жастар, ата-аналар, педагогтер, еріктілер және қоғам өкілдері бар.

Күндізгі бөлімде жалпы білім беретін мектеп оқушылары және жастармен кездесу өтті. Павлодар облысы ПД жанындағы наркологиялық құқықбұзушылықтардың алдын алу кеңесінің мүшелері, белсенділер мен волонтерлер есірткі және психотроптық заттарды қолданудың зияны, олардың заңсыз айналымы үшін көзделген жауапкершілік, сондай-ақ саналы өмірлік таңдау жасаудың маңыздылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шара аясында жастардың белсенді азаматтық ұстанымын көрсеткен антинаркотикалық флешмоб ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Есірткіге жол жоқ!» тақырыбында үздік плакат байқауы өтіп, қатысушылар денсаулықтың, отбасының және жарқын болашақтың құндылығын шығармашылық тұрғыда бейнеледі.

Кешкі уақытта «Әр үйге тест» республикалық ақпараттық науқаны шеңберінде ата-аналар мен педагогтерге арналған кездесу өтті. Онда антинаркотикалық заңнаманың нормалары түсіндіріліп, есірткіге тест түрлері, оларды алу жолдары және күдік туындаған жағдайда әрекет ету алгоритмі таныстырылды.

Өткізілген іс-шаралар Тереңкөл ауданында антинаркотикалық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды. Бұл бастамалар қоғамның бірлескен күш-жігері ғана заманауи қауіп-қатерлерге қарсы тұра алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.