
«Айналайын» сәбилер бақшасында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, балалардың дене және рухани дамуын қамтамасыз ету мақсатында ұлттық ойындарды кеңінен қолдану жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Соның ішінде ерекше орын алатыны – қазақ халқының көне әрі тәрбиелік мәні зор ұлттық ойыны асық.
Аталған бағытта балабақшада асық-терапия әдісі 10 жыл бойы тұрақты түрде қолданылып келеді. Қазіргі таңда асық ойынына орта және ересек топтардың 42 тәрбиеленушісі тұрақты түрде қатысады. Ойындар аптасына 2–3 рет, ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті мен еркін ойын уақытында өткізіледі.
Балалар арасында ұлттық ойындардың келесі түрлері кеңінен ұйымдастырылуда:
– «Бес атар»;
– «Үш кеней»;
– «Ханталапай»;
– «Кім жылдам»;
– «Асықты отау» және т.б.
Барлығы 5–6 ойын түрі жүйелі түрде қолданылады.
Асық ойнау барысында балалардың мергендігі, ептілігі, шапшаңдығы, көзбен мөлшерлеу қабілеті және ұсақ моторикасы дамиды. Сонымен қатар ойын балаларды достыққа, әділдікке, ұйымшылдыққа, тәртіпке баулып, өзара сыйластық пен бірлікке тәрбиелейді. Педагогтердің бақылауы нәтижесінде асық ойынына қатысатын балалардың қозғалыс белсенділігі мен эмоционалдық күйінің оң өзгерістері байқалуда.
Ұлттық мұраны ұлықтап, өскелең ұрпақтың бойына ата-баба дәстүрін сіңіру – балабақшаның басты міндеттерінің бірі. Ұлттық ойындар арқылы балалардың ұлттық сана-сезімі қалыптасып, туған халқының мәдениетіне деген қызығушылығы арта түсуде.
Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі ел болашағы. Сондықтан ұлттық ойындар арқылы рухы биік, саналы, дені сау ұрпақ тәрбиелеу жолында ата-ана мен педагогтердің бірлесе жұмыс істеуі аса маңызды.