
«Айналайын» сәбилер бақшасында ұлттық мұраны дәріптеу, жас ұрпақтың бойына рухани-адамгершілік құндылықтарды сіңіру мақсатында тағылымы мол тәрбиелік іс-шара өткізілді. Аталған шараға ересек топтың 18 тәрбиеленушісі қатысты.
Іс-шара барысында педагог-психолог Роза Ибжанова өз қолымен шеберлікпен тіккен 12 ұлттық нақыштағы сахналық киім мен арнайы дайындаған сәндік бұйымдарды бүлдіршіндерге кигізіп, әсерлі дефиле ұйымдастырды. Ұлттық ою-өрнекпен әшекейленген, сән-салтанаты жарасқан киімдер киген балалар сахна төрінде еркін жүріп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Дефиле барысында тәрбиеленушілер қазақ халқының ұлттық киімдері, олардың атаулары мен ерекшеліктері туралы бастапқы мәліметтер алды. Балалардың сахнада өзін еркін ұстауы, қимыл-қозғалысы мен сенімділігі іс-шараның тәрбиелік мәнін арттыра түсті.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – балаларға ұлттық мәдениетті таныстыру, салт-дәстүрге деген құрметін қалыптастыру, эстетикалық талғамын дамыту, сондай-ақ патриоттық сезімге баулу.
Ұлттық тәрбиеге бағытталған мұндай жұмыстар арқылы бүлдіршіндердің туған халқының мәдени мұрасына деген қызығушылығы артып, ұлттық болмысқа деген сүйіспеншілігі қалыптасады.
Өткенін құрметтеген ұрпақтың болашағы жарқын болмақ.