
9 ақпан – ұлы қазақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толды.
Осы айтулы мерейтойға орай Оқушылар сарайында «100 дауыс — бір өлең» атты ерекше интерактивті поэтикалық квест-перформанс ұйымдастырылды.
Іс-шараға облыстың «Жас қыран» балалар ұйымынан 100-ге жуық оқушы қатысып, ақынның өмірі мен шығармашылығын интерактивті тапсырмалар арқылы танысты. Бағдарламаның шарықтау шегі – Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» өлеңін бірлесе оқу сәті болды. Сол кезде әр бала біртұтас поэтикалық үннің бөлшегіне айналды.
Шара соңында қатысушылар ақын мұрасына құрмет ретінде «95 жыл» атты символдық композиция құрап, рухани тағзымдарын білдірді.
Мерекелік бағдарлама барысында балалар бірнеше тақырыптық алаңдардан өтті:
«Мұқағалиға жол» – әдеби және танымдық бағыт,
«Домбыра – рух қазынасы» – музыкалық алаң,
«Үш бақытым» – сурет байқауы,
«Ұмытылмас әндер» – ән байқауы.
Сонымен қатар, оқушылар ойын тапсырмалары, викториналар, квесттер мен ұлттық ойындар арқылы ақынның өмірбаяны мен әдеби мұрасын тереңірек меңгерді.
«Мұқағали поэзиясы ұлттық санамен біте қайнасқан, уақытпен бірге жасайтын мәңгілік көркемдік құндылық болып қала береді. «100 дауыс — бір өлең» шарасы поэзияның заманауи, интерактивті және балаларға жақын болатынын тағы бір дәлелдеді», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.