Жас ұстазға қолдау – сапалы білім кепілі

Жас ұстазға қолдау – сапалы білім кепілі

Тереңкөл ауданында жас педагогтердің кәсіби бейімделуі мен дамуына бағытталған аудандық тәжірибелік семинар ұйымдастырылды. «Мектептегі жас маман: бейімделу, қолдау, даму» тақырыбында өткен іс-шараның басты мақсаты – жас ұстаздардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру және тәлімгерлік қолдауды күшейту.

Семинар Ивановка орта білім беру мектебінің базасында өтті. Бағдарлама аясында қатысушылар ашық сабақтарға және сыныптан тыс іс-шараларға қатысып, заманауи оқыту технологияларымен, тиімді педагогикалық әдіс-тәсілдермен, сондай-ақ цифрлық білім беру ресурстарын қолданудың тәжірибесімен танысты. Практикалық бөлім жас мамандарға нақты жұмыс барысындағы кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді.

Іс-шара дөңгелек үстел форматындағы қорытынды отырыспен аяқталды. Онда жас педагогтердің кәсіби қалыптасу кезеңінде мұндай кездесулердің маңыздылығы ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, тәлімгерлік институтының рөлі, әріптестік қолдау мен ынтымақтастықтың тиімділігі кеңінен талқыланды.

Айта кету керек, биылғы оқу жылында аудан мектептерінде 31 жас маман еңбек жолын бастады. Олар ауылдық білім беру ұйымдарындағы кадр тапшылығын азайтуға өз үлестерін қосып отыр. Қуаныштысы – жас педагогтердің басым бөлігі өз ауданымыздың мектеп түлектері. Туған жерге оралып, алған білімдері мен біліктіліктерін ауыл балаларының дамуына арнауы – үлкен жауапкершілік пен шынайы патриоттықтың айқын көрінісі.

Мұндай мазмұнды іс-шаралар жас ұстаздардың кәсіби сенімін нығайтып, білім сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігі болып табылады.