Әкенің сөзі – тәрбие, ісі – өнеге

Әкенің сөзі – тәрбие, ісі – өнеге

Май ауданында «Әкенің сөзі – тәрбие, ісі – өнеге» тақырыбында аудандық әкелер форумы өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – әкенің бала тәрбиесіндегі рөлін күшейту, отбасылық құндылықтарды дәріптеу және қоғамда өнегелі әке бейнесін қалыптастыру.

Форум аясында «Әкем – асқар тауым» атты фотокөрме және «Әке мектебі: өмір мен тәрбие» тақырыбындағы кітап көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан жоғары қызығушылыққа ие болды. Сонымен қатар «Әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі» тақырыбында тренинг өтіп, тәжірибелік мазмұндағы шеберлік сабақтары өткізілді.

«Өнегелі 15 минут» жобасы аясында Жанқабыл Мұстафин сандық жасаудың қыр-сырын көрсетсе, Мұрат Рүстемханов қамшы өру өнерімен таныстырды. Ал Берік Ескендиров «Шежіре – ұрпаққа өнеге» тақырыбында шеберлік сабағын өткізіп, ұлттық тәрбие мен отбасылық сабақтастықтың маңызын кеңінен түсіндірді.

Сондай-ақ «Тазы – жеті қазынаның бірі» тақырыбында Нұрасыл Мұратов құмай тазының ерекшеліктері туралы әңгімелеп, Әкелер мектебінің мүшесі Ержан Қуанышев шағын орталық тәрбиеленушілеріне қой өсіру мен оны күтіп-баптаудың қыр-сырын көрсетті.

Форумның екінші бөлімінде әкелер ұлттық спорт элементтері қамтылған эстафеталық жарыстарға қатысып, белсенділік танытты.

Аталған іс-шара әкелердің бала тәрбиесіне белсенді араласуын арттыруға, ұлттық құндылықтарға негізделген өнегелі әке бейнесін қалыптастыруға бағытталды.