Ұлттық ойындарды дамытуға бағытталған жаңа кабинет ашылды

Ұлттық ойындарды дамытуға бағытталған жаңа кабинет ашылды

«Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығында «Адал азамат» бағдарламасы аясында және облыстық білім басқармасының бастамасымен «Асық-STRIKE» жобасының мамандандырылған кабинеті салтанатты түрде ашылды.

Іс-шараға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова, «Алтын сақа» асық ату ұлттық ойынының облыстық федерациясының атқарушы директоры Қалибек Қуанов, сондай-ақ білім басқармасының өкілдері қатысты. Қатысушылар жобаның тәрбиелік және мәдени маңызын атап өтіп, ұлттық ойындардың өскелең ұрпақты жан-жақты дамытудағы маңызды рөлін ерекше атап өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Айгүл Маликова «Адал азамат» жобасы аясында ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстарға сәттілік тіледі. Ол асық ойынының балалардың логикалық ойлауын дамытып, зияткерлік қабілеттерін қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ балалардың асық ату спортымен жаппай айналысуына тілектестік білдірді.

Салтанатты іс-шара барысында асық ойындары мен арнайы алаңда асық атуды үйретуге арналған «Шерту – шеберлік шыңы» атты әдістемелік құралдың таныстырылымы өтті. Аталған құралдың алғашқы 300 данасы жарық көрді. Басылым педагогтерге, үйірме жетекшілеріне және ұлттық ойындарға қызығушылық танытатын мамандарға арналған. Жинақта ойындарды ұйымдастырудың тиімді әдістері, қауіпсіздік талаптары, жарыстарды өткізу ережелері және практикалық ұсынымдар жүйеленген.