
«Қала – ауыл» жобасы аясында Дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия мен Ақтоғай ауданының білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастық шеңберінде «Қ. Ыдырысов атындағы мектептегі бір күн» тақырыбында мазмұнды тәжірибе алмасу іс-шарасы өтті. Бұл бастама – қала мен ауыл мектептері арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.
Іс-шараның басты мақсаты – педагогтердің озық тәжірибесімен бөлісу, тиімді оқыту әдістерін кеңінен тарату және заманауи білім беру талаптарына сай сапалы білім беруге үлес қосу.
Тәжірибе бөлісу алаңында өз ісінің шеберлері – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Казиева Б.А., биология пәнінің мұғалімі Байбекова Г.З., алгебра пәнінің мұғалімі Аймышева Ж.Т., Қазақстан тарихы пәнінің мұғалімі Агалиева А.Б. ашық сабақтар өткізіп, кәсіби шеберліктерін ортаға салды.
Ашық сабақтар 4-сынып оқушыларына арналды. Сабақ барысында оқытудың белсенді әдіс-тәсілдері қолданылып, білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға ерекше назар аударылды. Әсіресе, PISA форматына негізделген мәтіндермен жұмыс жасау арқылы оқушылардың сыни ойлау, талдау, салыстыру, қорытынды жасау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған тапсырмалар орындалды.
Сабақтардан кейін мазмұнды талдау жүргізіліп, әріптестер арасында еркін пікір алмасу ұйымдастырылды. Педагогтер оқыту әдістерінің тиімділігіне тоқталып, тәжірибелік ұсыныстарымен бөлісті. Осындай кәсіби диалог алаңы ұстаздардың шығармашылық ізденісін жандандырып, өзара үйрену мәдениетін қалыптастырады.
Іс-шараға Ақтоғай ауданының әртүрлі мектептерінен 33 пән мұғалімі қатысты. Бұл – ауыл педагогтерінің жаңашыл тәжірибеге деген қызығушылығы мен кәсіби дамуға ұмтылысының айқын көрінісі.
«Қала – ауыл» жобасы – білім кеңістігіндегі алшақтықты азайтып, ортақ мақсат жолында бірігудің жарқын үлгісі. Мұндай ынтымақтастық білім сапасын арттыруға, мектептер арасындағы тәжірибе алмасуды жүйелеуге және қалалық пен ауылдық білім ордалары арасындағы байланысты нығайтуға зор мүмкіндік береді.