Аққулы ауданындағы жас педагогтерге арналған кәсіби даму кеңістігі

Аққулы ауданындағы жас педагогтерге арналған кәсіби даму кеңістігі

Аққулы ауданындағы Ямышев орта мектебінде жас педагогтердің кәсіби дамуына серпін берген «Тәжірибеден – шеберлікке: тәлімгерлік алаңы» атты тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. Бұл бастама ұстаздық жолын жаңа бастаған мамандарға әдістемелік қолдау көрсетіп, тәжірибелі әріптестердің білімі мен шеберлігін үйренуге бағытталды.

Тәлімгерлік алаң аясында Ямышев орта мектебі мен Б. Уахатов атындағы мектептің тәжірибелі ұстаздары жас мамандарға арнап мазмұнды шеберлік сыныптарын өткізді. Тәлімгер-ұстаздар өздерінің көпжылдық педагогикалық тәжірибесіне сүйене отырып, тиімді оқыту әдістерін қолдану, сабақ құрылымын сауатты жоспарлау, оқушылармен нәтижелі кері байланыс орнату жолдары жөнінде құнды кеңестерімен бөлісті.

Іс-шара барысында өткізілген практикалық сабақтар жас мұғалімдер үшін нақты тәжірибе алаңына айналды. Ашық сабақ үлгілері ұсынылып, интерактивті әдістер мен заманауи педагогикалық тәсілдер көрсетілді. Қатысушылар өздерін толғандырған кәсіби сұрақтарына нақты жауап алып, жаңа идеялармен қаруланды. Мұндай тәжірибе алмасу жас мамандардың кәсіби сенімін арттырып, шығармашылық ізденіске жетеледі.

Тәлімгерлік – педагогикалық сабақтастықты сақтап, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтатын маңызды тетік. Ямышев орта мектебінде бұл бағыт жүйелі түрде жүзеге асырылып, жас ұстаздарды қолдаудың тиімді үлгісі қалыптасқан. Осындай шеберлік алаңдары арқылы жас педагогтер тәжірибелі әріптестерінің еңбегінен үйреніп, өз кәсіби жолын сенімді әрі нық қадаммен бастауға мүмкіндік алады.

Іс-шара соңында қатысушылар тәлімгер-ұстаздарға шынайы алғыстарын білдіріп, мұндай тәжірибе алмасу алаңдарының алдағы уақытта да жалғасын табуы қажеттігін атап өтті.