
Білім сапасын арттыру – бүгінгі білім беру жүйесінің басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта Ертіс ауданында тарих пәнін оқытудың тиімді әдістеріне арналған мазмұнды семинар ұйымдастырылды. Іс-шара аудан педагогтері үшін тәжірибе алмасу мен кәсіби дамудың маңызды алаңына айналды.
Семинарды білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Алмагүл Тұрсынқызы жүргізіп, қатысушыларға білім сапасын арттырудағы заманауи үрдістер мен басым бағыттар жөнінде бағыт-бағдар берді. Ол өз сөзінде тарих сабағының оқушы тұлғасын қалыптастырудағы рөліне тоқталып, пәнді оқытуды жаңаша ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.
Іс-шара барысында тарих сабағын жандандыруға бағытталған цифрлық платформалар мен жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдану жолдары кеңінен қарастырылды. Педагогтерге заманауи технологиялардың көмегімен оқушылардың пәнге қызығушылығын арттыру, тарихи оқиғаларды терең түсінуге жағдай жасау тәсілдері ұсынылды.
Семинар спикерлері өз тәжірибелерімен бөлісті. А.Д. Мамонова цифрлық платформаларды пайдалану арқылы оқушылардың тарихи деректерді талдау және салыстыру дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін әдістерді көрсетті.
А.А. Турсынов жасанды интеллект құралдарын сабақта қолдану арқылы оқушылардың сыни ойлау, пайымдау және талдау қабілеттерін жетілдіру жолдарын тәжірибе жүзінде таныстырды.
Ал А.Б. Нажикенова интерактивті тапсырмалар мен заманауи оқыту тәсілдері арқылы әр сабақты мазмұнды, қызықты әрі нәтижелі өткізудің нақты үлгілерін ұсынды.
Семинар ашық диалог алаңына айналып, педагогтер арасында тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар мен тың көзқарастарды қалыптастыруға мүмкіндік берді. Қатысушылар ұсынылған әдістемелік тәсілдердің практикалық маңыздылығын атап өтіп, оларды оқу үдерісінде қолдануға дайын екендіктерін білдірді.
Заманауи цифрлық технологияларды тиімді пайдалану арқылы тарих сабағы оқушылар үшін тартымды әрі мазмұнды бола түсетіні, ал білім сапасының арта түсетіні тағы бір мәрте дәлелденді. Ертіс ауданында өткізілген бұл семинар білім сапасын арттыру жолындағы жүйелі жұмыстың нақты көрінісі болды.