
Қазіргі қоғамда жасөспірімдердің кәсіби бағдарын ерте айқындау, олардың әлеуетін ашу және табысты әлеуметтенуіне жағдай жасау – өзекті міндеттердің бірі. Осы бағытта «Корпоративтік тәлімгерлік» жобасы аясында маңызды қадам жасалып, ынтымақтастық туралы меморандумға ресми түрде қол қойылды.
Жобаның серіктестері — «Үміт Үзбеу» қоғамдық қоры, «Жас ұрпақ» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны және «Антарес» жеке кәсіпкерлігі. Аталған меморандум тараптар арасындағы өзара серіктестікті нығайтып, жасөспірімдерге кәсіби тәжірибе алуға бағытталған жүйелі жұмыстың негізін қалады.
2025 жылғы 25 қыркүйектен бастап «Жас қанат» жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілері «BOX 123» автокөлік жөндеу станциясына тұрақты түрде барып, нақты өндірістік ортада жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болды. Мұнда олар кәсіби тәлімгерлердің жетекшілігімен автокөлік жөндеу саласының қыр-сырын меңгеріп, практикалық дағдыларын жетілдіруде.
Корпоративтік тәлімгерлік жасөспірімдер үшін бірнеше маңызды артықшылық береді. Ең алдымен, бұл — кәсіби бағдар. Тәрбиеленушілер таңдаған мамандықпен теория жүзінде емес, іс жүзінде, «ішінен» танысады. Сонымен қатар, олар практикалық дағдыларды игеріп, нақты еңбек құралдарымен жұмыс істеуді үйренеді.
Жоба жасөспірімдердің сенімділігін арттыруға да ықпал етеді. Еңбек нарығының қалай жұмыс істейтінін, болашақтағы мүмкіндіктер мен талаптарды түсіну арқылы олар өз болашағына саналы көзқараспен қарай бастайды. Ал әлеуметтену тұрғысынан алғанда, жауапкершілік алу, ұжымда жұмыс істеу, еңбек тәртібін сақтау сияқты өмірлік маңызды құндылықтар қалыптасады.
«Корпоративтік тәлімгерлік» — бұл жай ғана кәсіби тәжірибе емес, әрбір тәрбиеленушінің әлеуетіне деген сенімнің көрінісі, олардың ересек өмірге нық қадам басуына көрсетілген шынайы қолдау.