Аққулы ауданында мектеп оқушылары қағазды қайта өңдеуде

Аққулы ауданында мектеп оқушылары қағазды қайта өңдеуде

Қоршаған ортаны қорғау – адамзат алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Табиғат ресурстарын ұтымды пайдалану, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және жас ұрпақтың табиғатқа деген жанашыр көзқарасын тәрбиелеу бүгінгі күннің басты талаптарына айналып отыр. Осындай игі бастамалардың бірі Аққулы ауданына қарасты Тлектес жалпы орта білім беретін мектебінде жүзеге асты.

Мектептің 8-сынып оқушысы Рахметова Саида «Қайта өңдеу арқылы қағаз жасау» атты экологиялық жобаның авторы. Жобаның негізгі мақсаты – қағаз қалдықтарын қайта өңдеу арқылы ағаштарды сақтап қалу, сондай-ақ оқушылардың экологиялық жауапкершілігін арттыру.

Жоба аясында мектепте «Қағаз тапсыр – ағаш құтқар» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Акцияға мектеп оқушылары мен ұстаздары белсенді қатысып, күнделікті тұрмыста қолданылған ескі дәптерлерді, газеттер мен түрлі қағаз қалдықтарын жинап тапсырды. Жиналған макулатура арнайы өңдеуден өткізілді: қағаздар ұсақталып, жылы суға жібітілді, кейін араластырылып, қоймалжың массаға айналдырылды. Дайын масса торлы қалыпқа жайылып, артық суы сығылып алынды. Келесі кезеңде қағаз тегістеліп, табиғи жолмен кептірілді. Нәтижесінде қайта өңделген, пайдалануға жарамды жаңа қағаз алынды.

Бұл тәжірибелік жұмыс оқушыларға қағазды қайта өңдеудің маңызын өз көздерімен көріп, нақты іс арқылы түсінуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, акция мектеп ұжымының экологиялық сауаттылығын арттырып, табиғатқа ұқыпты әрі жанашырлықпен қарауға тәрбиеледі.

Рахметова Саиданың экологиялық жобасы жас ұрпақтың қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, экологиялық тәрбиенің мектеп қабырғасынан басталуы қажет екенін айқын көрсетті. Осындай мазмұнды әрі пайдалы бастамалар болашақта табиғатты сақтауға бағытталған үлкен істердің берік негізі болары сөзсіз.