
№35 мектеп-гимназиясының мұғалімі – Виктория Кожамбердина қазақ тіліне деген өзінің махаббаты мен сүйіспеншілігін дәлелдеді. Виктория Николаевна орыс ұлтының өкілі болуына қарамастан, мемлекеттік тілді жетік меңгеріп, ұлттық аспап – домбыраны насихаттап жүрген жандардың бірі.
Ол облыс орталығы – Павлодар қаласында өзге ұлт өкілдері арасында өткізілген «Жүзден жүйрік» конкурсында Екібастұз намысын қорғап, бірінші жүлделі орынға қол жеткізді.
Қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретінде қалыптасуына ықпал етуге және Қазақстанның этнос өкілдері арасында қазақ тілін білуге деген құлшынысын арттыруға бағытталған аталмыш конкурстың ұйымдастырушысы – Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы.
Конкурста өңіріміздің 15 ауданынан келген 13 қатысушы бақ сынасты. Байқау кезеңдері оңай болған жоқ: өзін-өзі таныстыру; танымал ақындардың қазақ тіліндегі поэзиялық шығармасын жатқа оқу; қоржыннан түскен тапсырманы орындау; экранда көрсетілген мәтін, картина, немесе видеоның мазмұнын қазақ тілінде толық ашу.
Жерлесіміз конкурс ұйымдастырушыларымен әзірленген барлық тапсырмалардан сүрінбей өтіп, диплом мен ақшалай сыйлықпен марапатталды. Виктория Николаевнаның айтуынша, ең бастысы – марапат пен даңқ емес, алдына келетін оқушыларының құрметі мен сенімі артық.
- Қазақ тілі – оқу кестесіндегі пән ғана емес, бұл – менің өмірімнің бір бөлігі. Қазақ тілі мен үшін мәдениетіміздің бай әлемін ашқан қасиет, - дейді ұстаз. Айта кетейік, Виктория Кожамбердина Екібастұз қаласының мемлекеттік тілді дамыту саласында осымен 25 жыл бойы еңбек етіп келеді. Соңғы он жылын педагогика саласына арнап отыр.