
М.М. Қатаев атындағы Оқушылар сарайында «Антарес» астроклубының тәрбиеленушілері жұлдызды аспанды бақылауға арналған кешкі шара өткізді. Іс-шара сарайдың обсерваториясында өтіп, тәрбиеленушілердің республикалық астрономиялық сайыстар мен байқауларға дайындығы аясында ұйымдастырылды.
Бақылаулар обсерватория күмбезінде орнатылған негізгі телескоп арқылы жүргізілді. Обсерватория меңгерушісі Виталий Радченко мен астроклуб педагогі Гүлнар Баубекованың жетекшілігімен қатысушылар батпайтын шоқжұлдыздардағы тұмандықтарды зерттеп, олардың құрылымы мен ерекшеліктері туралы талқылады.
Бақылау барысында жас астрономдар көкжиекке жақын орналасқан кометаны көруге тырысты. Аспан денесінің жарықтығының әлсіздігі мен қалалық жарықтың әсерінен бақылау қиындағанымен, оқушылар оның орналасқан орнын анықтап, кометаларды бақылауға қолайлы жағдайлар туралы пікір алмасты.
Кештің ең әсерлі сәті — Сатурн планетасының көк жүзінде көрінуі болды. Телескоп арқылы балалар оның әйгілі сақиналарын, бірнеше серігін және беткі қабатындағы ерекшеліктерін тамашалады. Көптеген қатысушылар үшін бұл алып планетамен алғашқы танысуы болып, ерекше әсер қалдырды.
Сонымен қатар, Оқушылар сарайында жаңа оқу жылының ашылуына және Отбасы күніне арналған Ertis Promenad сахнасындағы интерактив барысында берілген уәде орындалды. Педагогтар сол шараның жеңімпаздары мен қатысушыларын обсерваторияға шақырды.
Балалар мен ата-аналар экскурсияға қатысып, «Антарес» астроклубының жұмысымен танысты, аспан денелерін бақылап, Планетарийдегі сеансқа қатысты.
— «Біз өз уәдемізді орындадық — Ertis Promenad сахнасында өткен интерактивтің жеңімпаздары мен қатысушыларын обсерваторияға шақырдық. Балалар тамаша әсер алды, ал біз — ізденімпаз, қызығушылығы жоғары отбасылармен кездескенімізге қуаныштымыз. Бұл кездесу жаңа жаңалықтардың бастауы болсын!» — деп атап өтті астроклуб педагогі Гүлнар Баубекова.
Кеш соңында қатысушылар өз әсерлерімен бөлісіп, алдағы бақылауларға жоспар құрды. Педагог Гүлнар Баубекованың айтуынша, мұндай кездесулер балалардың бақылаушылық қабілетін дамытып, астрономияға қызығушылығын арттырумен қатар, ғылыми ойлау жүйесін қалыптастырып, ғаламды тануға ұмтылысын оятады.