2025 жылғы 23 маусымда Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында елімізде алғаш рет «Amansultan AI Mugalim: белгісіз болашаққа арналған белгілі дағдылар» атты педагогтерге арналған фестиваль өтті.
Іс-шараны Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова ашып, қатысушыларды құттықтап, ұстаздарға жаңа технологияларды меңгеруде табыс пен шабыт тіледі. Ол өз сөзінде бұл фестивальдің білім саласы үшін маңызын атап өтіп, жасанды интеллект дәуірінде мұғалімнің рөлі бұрынғыдан да маңызды екенін ерекше айтты.
Фестиваль Павлодар облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып, 1000-нан астам мұғалімді, мектеп директорларын және білім саласының мамандарын біріктірді.
Фестивальдің мақсаты – білім сапасын арттыру, халықаралық салыстырмалы зерттеулердегі өңірдің көрсеткіштерін жақсарту және жасанды интеллектті оқу процесіне енгізу арқылы педагогтердің кәсіби өсуіне мүмкіндік беру.
– Павлодардағы білім беру – бұл сапаның, жоғары стандарттардың белгісі. Сіздердің түлектеріңіз басқа өңірлердің оқушыларынан ерекше. Баршаңызға алғысым шексіз, бас иемін! – деп атап өтті Нұрлан Қиясов.
Фестиваль аясында Қазақстан мен ТМД елдерінен келген жетекші ұстаздар мен білім сарапшылары өз тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар практикалық шеберлік сабақтарына қатысып, жасанды интеллектті оқу үрдісінде қолданудың нақты мысалдарымен танысты.
Спикерлер қатарында:
Ұлан Үсенов – танымал химия пәні мұғалімі, миллиондаған жазылушысы бар блогер.
Нұрлан Қиясов – EdCrunch Academy негізін қалаушы.
Айгерим Балгабекова биология пәні мұғалімі, EdCrunch Academy AI-тренер
Темірбек Сағындыков, математика пәні мұғалі, EdCrunch Academy AI-тренер
Наталья Кудимова, информатика пәні мұғалімі, Amansultan әдістеме қызметінің жетекшісі
Аида Абильякимова – Qalamedutech негізін қалаушы
Ескендір Бестай – педагог-тренер, тәжірибелі коуч.
Көтерілген негізгі тақырыптар:
• Amansultan платформасы арқылы мұғалімнің жұмысын жеңілдету
• Жасанды интеллекттің мүмкіндіктері мен тәуекелдері
• Нейрожелілер мен ChatGPT-ті білім беруде тиімді қолдану
• Оқу қабілетін дамыту мен мидың жұмысын түсіну
• Сабақты қызықты өткізудің әдіс-тәсілдері
• Педагогикадағы AI құралдарының тиімділігі
Айта кетерлігі, соңғы зерттеулерге сәйкес, Қазақстанда оқушылар мен студенттердің 30%-дан астамы генеративті ИИ жүйелерін (ChatGPT, Gemini, DeepSeek т.б.) оқу барысында қолданады.
PISA секілді халықаралық зерттеулер медиа және ИИ сауаттылығын (Media and AI Literacy) бағалай бастады – бұл білім беру жүйесіне тың талаптар қойып отыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ИИ-ді білім беру бағдарламасына енгізу қажеттілігін атап өткен болатын.
Фестиваль барысында Amansultan білім беру платформасының мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Бүгінде платформа Қазақстанның 1000-нан астам мектебінде қолданыста. Онда мектеп бағдарламасындағы барлық тақырыптар анимациялық форматта ұсынылып, интерактивті тапсырмалармен толықтырылған.
Жақын арада Amansultan:
• мұғалімдер мен мектеп директорларына арналған қайта даярлау курстарын,
• оқу процесіне арналған жасанды интеллект қызметтерін іске қосады.
Фестиваль соңында қатысушыларға «Орфей» музыкалық тобы өнер көрсетіп, мазмұнды күнді жарқын әсермен қорытындылады.
Amansultan AI Mugalim фестивалі – бұл технологиядан қорықпай, оны игеруге бел буған жаңа буын ұстаздарының басын қосқан маңызды бастама.