Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Абай облысының білім басқармасымен бірлесіп, 18-21 маусым күндері Семей қаласында жалпы білім беретін ұйымдардын 8-11 сынып оқушылары арасында XXVI Республикалык «Абай окулары» шыгармашылык конкурсын өткізді.
Биылғы жылдың ерекшелігі – Абай Құнанбайұлының 180 жылдык мерейтойына орай аталған байқаудың халықаралық деңгейде алғаш рет ұйымдастырылуы. Зияткерлік сайысқа Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия және Қытай елдерінен 130-дан астам оқушы мен 50-ге жуық жетекші қатысты.
Шара барысында Қараауылдағы Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өткізілді, оқушылар және олардың жетекшілеріне Бөрлідегі М. Әуезов мұражайына, Сырт Қасқабұлақтағы Абайдың туған жеріне саяхат ұйымдастырылды.
Абай оқулары 5 номинация бойынша өтті: «Абайдың асыл мұрасы» (ақын өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқу); «Абайдың ақын шәкірттері» (Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлы шығармаларын жатқа оқу); «Әнді сүйсең менше сүй» (Абай, Шәкәрім, Ақылбай әндері мен күйлерін орындау); «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» (оқушылардың өз өлеңдері); «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» (Абай туралы көркем туындыларды толық білу, талдау жасау).
Павлодар облысынан республикалық додаға өңірлік байқаудың жеңімпаздары қатысты: Екібастұз қ. №36 лицей-мектебінің 8-сынып оқушысы Хумарбек Махсат; Шарбақты ауданы Хмельницкий ЖОББМ 9-сынып оқушысы Азамат Каусар; облыстық көп салалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Даулетқан Айсұлтан; Павлодар қ. №7 ЖОББМ 10-сынып оқушысы Әсет Альтаир; Успен ауданы Қаратай ЖОББМ 9-сынып оқушысы Смағұл Мәдияр.
Республикалық байқау қорытындысы бойынша «Абайдың асыл мұрасы», «Әнді сүйсең менше сүй» бағыттарда Хумарбек Махсат (мұғалімі Тыныбеков Д.Ж.) және Әсет Альтаир (мұғалімі Мундуинова А.Е.) І дәрежелі дипломдарымен марапатталды; «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» бағытында Азамат Каусар (мұғалімі Болатбек Ш.) ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды; «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» бағытында Даулетқан Айсұлтан(мұғалімі Қуатбек Н.О.) ІІІ дәрежелі дипломға ие болды.