Қ. Сәтбаев атындағы ХІІІ аймақтық олимпиадасының қорытындысы

Қ. Сәтбаев атындағы ХІІІ аймақтық олимпиадасының қорытындысы

Павлодар қаласында 2025 жылғы 27-30 мамыр аралығында жас зияткерлер математика, химия, биология, физика, география және информатика пәндері бойынша жүргізілген сайысқа түсті. Сайыс көрнекті ғалым және ғылымды ұйымдастырушы, өз заманының ең ірі ойшылы және табиғаттанушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың құрметіне өткізілді.

Олимпиада математикалық, жаратылыстану-ғылыми, бағдарламалау 3 бағыт бойынша және математика, физика, биология, химия, география, информатика пәндерінен пәнаралық кешенді болып табылады.

Шара мақсаты – оқушыларды жоғары деңгейдегі олимпиадаларға дайындау жүйесін жетілдіру, олимпиадалық резерв құру.

Олимпиадаға Қазақстанның 11 облысынан (Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Қарағанды, Маңғыстау, Ұлытау, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Түркістан), Астана, Алматы  қалаларынан, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-8 сыныптарынан 101 оқушысы қатысты.

Олимпиада екі күн бойы 2 турда өткізілді.

І тур – 3 бағыттың бірін таңдау бойынша жеке жазбаша түрде:

- математикалық;
- жаратылыстану-ғылыми;
- бағдарламалау.

ІІ тур – жазбаша және ауызша түрде (теория және практика) 6 пәннің бірі таңдау бойынша, математика, физика, химия, биология, география - ауызша,  информатика - жазбаша. 2-турдың практикалық тапсырмаларының шешімдері қазылар алқасының мүшелеріне ауызша тапсырылды.

Екі тур нәтижелері бойынша шығарылған олимпиада қорытындысында 61 оқушы жеңімпаз бен жүлдегер атанып, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының дипломдарымен, Құрмет грамоталарымен марапатталды, оның ішінде І орын – 9, ІІ орын – 16, ІІІ орын – 20, Кұрмет грамота – 16.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтары табысталды. Олимпиада күндері қатысушыларға арнап «Ертіс» мұражайы мен «Гусиный перелет» палеонтологиялық табиғат ескерткішіне қызықты экскурсия ұйымдастырылды.