
К. Әбусейітов атындағы мәдени демалыс орталығында Павлодар қаласы «Ақ мешіт» мешітінің 120 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Іс-шараға дін өкілдері, тарихшылар, қоғам қайраткерлері және мешіттің негізін қалаушы, көпес Абдул-Фаттах Рамазановтың ұрпақтары қатысты.
Мерейтой аясында өңірдің рухани дамуына және мешіттерді қалпына келтіруге үлес қосқан азаматтарды марапаттау мақсатында Абдул-Фаттах Рамазанов атындағы медаль тағайындалды.
Мерейтой құрметіне сирек құжаттар мен тарихи жәдігерлер көрмесі ұймдастырылды. Павлодар қаласында көпестің отбасына тиесілі құнды дүниелер табылды. Олардың қатарында көне Құран кітабы, екі томдық «Тәфсір», 1907 жылғы мұсылман күнтізбесі және фотограф Дмитрий Багаев түсірген түпнұсқа суреттері бар фотоальбом бар. Бұл құнды жәдігерлер ұзақ жылдар бойы жеке коллекцияда сақталып облыстық Г. Потанин атындағы өлкетану мұражайына және С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханаға табысталды.