Елімізде «Рахмет, ұстаз!» атты игі акция өтіп жатыр. Бұл – асыл еңбектеріңізге деген құрмет пен алғыс белгісі. Денсаулық сақтау саласы мамандарын даярлауда Павлодар жоғары медициналық колледжінің оқытушылары да айрықша үлес қосып келеді. Бұл туралы кәсіби мереке қарсаңында өткен салтанатты жиында да бірнеше рет айтылды.
Құттықтаулар, алғыс сөздері, студенттердің шығармашылық нөмірлері – осылай өтті Павлодар медициналық колледжінің оқытушыларын ұлықтау шарасы.
Бұл – аймақтағы ең көне орта арнаулы оқу орындарының бірі. Ол 1949 жылы ашылған екі жылдық медбикелер мектебінің құқықтық мұрагері болып табылады. Колледждің басты міндеті – медицина саласының мамандарын даярлау. Осы жылдар ішінде 20 мыңнан астам түлек осы оқу ордасында білім алып, мейірбике, фельдшер, акушер, фармацевт, тіс дәрігері мен тіс технигі, фельдшер-лаборант және санитар фельдшері біліктілігін алды.
– Құрметті педагогтар, ардақты әріптестер! Алдағы Ұстаздар күні – даналық пен төзімділікті, өз ісіне адалдықты бейнелейтін мереке қарсаңында шын жүректен құттықтауларымызды қабыл алыңыздар. Сіздердің еңбектеріңіз – тек білім беру емес, ол – еліміздің болашағын қалыптастыру, – деді Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шаметеков.
Ол колледждің тәжірибелі әрі жас оқытушыларын жеке құттықтап, олардың сапалы медициналық білім беріп, жоғары білікті мамандарды даярлау арқылы денсаулық сақтау жүйесінде тиімді еңбек етіп, халық денсаулығын жақсартуға зор үлес қосып отырғанын атап өтті.
Еске сала кетсек, 2022 жылы колледж «Altyn Shipager» ұлттық сыйлығының «Қазақстан Республикасының үздік медициналық колледжі» номинациясында жеңімпаз атанды.