2025 жылғы 24–26 қыркүйек күндері Павлодар облыстық реабилитациялық орталығы базасында «Қозғалыс жүйесі бұзылыстары бар балаларды кешенді оңалтудың инновациялық тәсілдері: диагностикадан қалпына келтіруге дейін» атты халықаралық шеберлік сабағы өтуде.
Іс-шараға педиатрлар, жалпы практика дәрігерлері, балалар неврологтары, реабилитологтар, травматолог-ортопедтер және ЛФК нұсқаушылары қатысуда.
Шараға Еуропадағы жетекші нейрореабилитациялық орталықтардың бірі – Испаниядағы Гуттман институтының тәжірибелі мамандары тәлімгер ретінде шақырылды.
Дәріс барысында балалардың церебральды сал ауруының, бас-ми және жұлын жарақаттарының, жүйке-бұлшықет ауруларының, сондай-ақ инсульттің, аноксияның және ми ісіктерінің салдарын диагностикалау мен емдеу мәселелері қарастырылады.
Қатысушылар нейрокогнитивті реабилитацияның заманауи тәсілдерімен, баламалы коммуникация әдістерімен, спастиканы фармакологиялық және интервенциялық емдеу жолдарымен, физиотерапия мен еңбек терапиясының хаттамаларымен, дисфагияны бағалау әдістерімен және мультисенсорлық стимуляциямен танысады.
Роботтандырылған тренажерлер, экзоскелеттер, виртуалды шындық жүйелері және бейімделген спорт түрлері сияқты инновациялық технологияларға ерекше назар аударылады.