2024 жылғы 29 ақпанда Павлодар қаласының Мәшһүр Жүсіп атындағы жалпы орта білім беру мектебінде сараптамалық кеңес өтті. 2019 - 2024 жылдарға арналған мектептің даму бағдарламасы бойынша жұмыс қорытындысы шығарылды. Мектептің даму бағдарламасының мақсаты – мектепте ұлттық және жалпыазаматтық құндылықтарға бағытталған, қоршаған болмыста бәсекеге қабілетті бола алатын білім алушы тұлғаның қалыптасуы мен дамуы үшін қолайлы білім беру ортасын құру.
Мектеп ұжымы сараптамалық кеңеске соңғы бес жылдағы инновациялық қызметтің нәтижелерін ұсынды. Қатысушыларға тәжірибелі және жас мамандардың 10 ашық сабағын, 5 сыныптан тыс іс-шаралар және 5 шеберлік сабақтарына қатысып, өздеріне рухани байлық алып, тәжірибе жинақтады. Сабақтарда педагогтер заманауи білім беру технологиялары мен ресурстарын қолдану шеберлігін көрсетті.
Сараптамалық кеңестің жұмысына мектебіміздің тұрақты серіктестері: Тұрышев Айтмұхамет Қасымбайұлы, филология ғылымдарының докторы, Торайғыров Университеті профессоры, М.Ж Көпеев мемориалдық музей басшысы Әсет Қажымұқанұлы Пазылов, «ҚР Қызыл жарты ай қоғамы» облыстық филиалының директоры Исаканова Гульнар Мухамедкеримовна, Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің педагогика жоғары мектебінің тәрбие және әлеуметтік сұрақтар бойынша вице-деканы Рахимжанова Арай Бейсенбаевна, қазіргі уақытта кәсіптік бағдар беру бойынша жұмыс жүргізіп жатқан мектеп түлектері Каменов Алмат Айтасович, Торайғыров университетінің металлургия кафедрасының аға оқытушысы, Зекен Думан Дулатұлы, Павлодар облысы ТЖД Өрт сөндіру және АҚЖ қызметі қатысты.
Мектеп этнографиялық мұражайының жұмысымен танысу барысында Астана қаласының Мәшһүр Жүсіп атындағы мектеп өкілі бейіндік оқыту жөніндегі директордың орынбасары Динара Шегендікқызы Пазыловамен онлайн форматта тікелей эфирге қосылу мүмкіндігі болды.
Сараптамалық кеңестің барлық қатысушылары мектеп ұжымының жұмысына жоғары баға беріп, шығармашылық толағай табыстар тіледі.