
Астанада ауыл мектептері оқушылары арасында өткен қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы республикалық олимпиаданың қорытындысы шығарылды. Олимпиаданың қорытынды кезеңі 2025 жылғы 9–13 желтоқсан аралығында өтіп, еліміздің барлық өңірінен жиналған 400-ден астам дарынды оқушыны біріктірді. Қатысушылар жеті оқу пәні бойынша өзара бақ сынасты. Олимпиада қорытындысы бойынша Кенжекөл орта мектебінің оқушылары жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Морош Анастасия орыс тілі пәні бойынша II дәрежелі диплом иегері атанды, 11-сынып оқушысы Өнербекұлы Нұрбол ағылшын тілі пәнінен III орынға ие болды. Сондай-ақ 11-сынып оқушысы Носик Никита Қазақстан тарихы пәні бойынша республикалық олимпиадада жоғары нәтиже көрсеткені үшін грамотамен марапатталды. Оқушылардың жетістіктері мектептің педагогикалық ұжымының білім алушылардың академиялық әлеуетін дамытуға бағытталған жүйелі әрі мақсатты жұмысының нәтижесін айқындайды.