Павлодар облысы Успен ауылының дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің негізінде Жеңіс күніне арналған аралас жекпе-жек турниріне Павлодар, Астана, Қарағанды, Ақсу және Екібастұз қалаларынан 13 - 16 жас аралығындағы 140-тан астам жас балуандар жиналды. Павлодар қаласының атынан Павлодар қаласы білім беру бөлімінің «Жігер» балалар-жасөспірімдер орталығының 9 тәрбиеленушісі қатысты.
Бапкер Рщанов Алтынбек Серғалиұлының жетекшілігімен турнир барысында павлодарлық спортшылар жоғары техникалық дайындықтарын көрсетіп, жарыс қорытындысы бойынша төрт жүлделі орынға ие болды. Атап айтқанда, 16 жасар Сыздықов Кәрім турнир жеңімпазы атанып, алтын медаль иегері болды. 14 жасар Қайргелді Руслан күміс жүлдеге ие болса, қола медальдармен 14 жастағы Қалиев Даниял және 13 жасар Сыздықов Ильхан марапатталды.
Турнир аяқталғаннан кейін команданың жаттықтырушысы Алтынбек Серғалиұлы: «Біздің спортшылар бұл турнирде тек жүлде үшін ғана емес, бейбіт аспан мен ел болашағы үшін күресті. Бұл жарыс тек спорттық бәсеке ғана емес, тарихи жады мен ұрпақтар сабақтастығының көрінісі болды», - деп өз пікірін білдірді.