Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты жариялаған мақаласында адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға тартып еді. Бұның барлығы ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс.
Осы орайда жоғарыда аты аталған мақаланы іске асыру мақсатында 2018 жылдан бері Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет ұйымдары мен қызметкерлерінің арасында «Рухани қазына» атты республикалық фестивалін ұйымдастыруда.
Фестивальдің мақсаты – мәдениет саласы қызметіндегі тәжірибемен алмасу, қазақстандық патриотизм мен ұлттық-мәдени бірлікті дамыту аясында ұлттық мәдениетті насихаттау және аймақтық мәдениет ұйымдарының имиджін нығайтуға бағытталған үздік әлеуметтік-мәдени және білім беру тәжірибелерін көрсету.
Эпидемиологиялық жағдайға байланысты биыл «Рухани қазына-2020» III республикалық байқауы онлайн форматта өткізілді. Үшінші рет ұйымдастырылып отырған байқауға мемлекеттік музейлер, кітапханалар, мәдениет үйлері мен ауылдық клубтар қатысты.
Республикалық байқауда Павлодар облысының мәдениет саласынан қатысқан үміткерлердің арасынан 4 қатысушы жеңімпаз атанды. Соның ішінде,Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің филиалы М.Ж.Көпеев мемориалдық музейінің экскурсоводы ӘсетҚажымұқанұлы Пазылов «Үздік ауылдық маңызы бар музей қызметкері» номинациясында жеңімпаз атанды.
Әсет ҚажымұқанұлыПазылов 1976 жылы Баянауыл ауданы, Жаңажол ауылында дүниеге келген. Әсет Пазылов ұлы ойшыл, ақын, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің кенже ұлы МұхаммедПазылдан тараған ұрпағы. Жоғары білімді, тарих пәнінің мұғалімі. Еңбек жолын 1997 жылы Қарағанды қалалық Абай Құнанбаев атындағы № 2 қазақ орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімінен бастаған.
1997-2003 жылдар аралығында Баянауыл ауданының Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы қазақ орта мектебінде тарих және Мәшһүртану пәндерінен сабақ берді. 2011 жылы көрнекті ақын, публицист, этнограф, ағартушы, шежіреші, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірі мен шығармашылығы жайлы «Мәшһүртанушыларға» атты оқу құралы мен «Мәшһүр Жүсіп кесенесі» атты 1000 даналық буклеттері қолданысқа берілді.
Оқушыларға білім берумен қоса, аудан бойынша алғаш рет сол жылы ғылыми-практикалық конференциясын ұйымдастырып, «Жас дарын» шығармашылық орталығын құрып, жетекшілік жасады.Сонымен қатар Қарағанды облыстық «Взгляд на событие», «Вестник Сарыарки», «Жедел жарнама» және «Орталық Қазақстан» газеттерінің қазақ айқармаларын басқарып, тілшілік қызметін атқарды.
2006 жылдан бастап ұрпақ сабақтастығын жалғастырыпМәшһүр Жүсіп Көпеев мемориалдық музейінің экскурсоводы болып 14 жыл қызмет етуде.Экскурсовод қызметінде еңбек ете отырып, көптеген мақалалар мен ғылыми еңбектерді жарыққа шығарды.
Әсет Пазыловтың халықаралық, республикалық және облыстық конференцияларда «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы және Шығыс руханияты», «Мәшһүр Жүсіп – әлемдік Ғаламат» атты 81-ден аса мақалалары жария етілді. Осы жұмыстардың нәтижесінде «Мәшһүр Жүсіп және дін қағидастары», «Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің мұрасы», «Степной провидец – Машхур Жусуп» атты кітаптары баспа бетінде жарыққа шықты. Сол сияқты ғылыми конференциялар мен баспа беттеріндегі ғылыми жұмыстары облыстық «Сарыарқа Самалы», Екібастұз қалалық «Отарқа» және аудандық «Баянтау» газеттерінде жарияланды.
Әсет Қажымұқанұлы«Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы» медалімен (2016),Қазақстан салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының төсбелгісімен (2018), «Қазақстан Республикасы Журналистер Одағы» төсбелгісімен (2019) марапатталған.
Бүгінде Әсет Қажымұқанұлы Пазылов жеткен жетістігіне тоқтамай, әр түрлі курстарда оқып, білімін жетілдіруін жалғастырды. Оның ішінде Экскурсия жетекшілерінің, гидтерінің біліктілігін арттыру курстарына қатысып, сертификаттар иегері.
2019 жылы ақын М.Ж.Көпеевтің кесенесіне келушілердің ұсынысымен Баянауыл ауданы, Ескелді шатқалында философтың Кесенесі жанында жеке ғимарат салынып, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мемориалдық музейі көшірілді.
Әсет Пазылов ұлы ойшыл, ақын, этнограф, философ, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің негізін салушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің мемориалдық музейінде мол мұрасын жинауда және насихаттауда көп еңбек сіңіруде.
Музейдің бір ерекшелігі – экспозициялық сөрелердегі жәдігерлер ақынның өзі қолданған заттары болғандықтан, негізгі қорды құрайды. Бүгінгі күні музейдегі жәдігерлердің негізгі қордағы жалпы саны 611 құрайды. Оның ішінде ақынның (соның ішінде туған-туысқандарының) жеке заттары - 161, фотосуреттері - 132 , кітаптары (соның ішінде журналдары мен мақалалары) -318.
2019 жылы музей қоры - М.Ж. Көпеевтің шағатай тіліндегі «Құран» кітабымен, омыраушасымен, ақынның тірі кезінде отбасы пайдаланған әбдіремен, 25 шығармасымен, 1907-1927 жылдар аралығында жазылған 59 туындысынан алынған қолжазбаларымен, жалпы саны – 28 жәдігермен толықты.
2019 жылы Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне аталмыш музейдің төмендегідей 5 құнды жәдігері енгізілді:
1. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Кәләм Шәріп» құран кітабы;
2. Ақынның мүйізден жасалған мүстек тіс тазалағышы қорабымен;
3. М.Ж.Көпеевтің өмірде қолданған шақшасы;
4. XVIII ғасырдан сақталған этнографтың бабасы қолданған қасиетті «Көк құран» кітабы;
5. Ақынның пішіні үшбұрышты ақтүсті матаға тігілген тұмары.
Биылғы жылы Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізу үшін аталмыш музейдің 13 құнды жәдігері ұсынылды.
Халықтың рухани және моральдық әлеуетінің дамуына ықпал ету, ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарына тарту арқылы азаматтарды патриоттық және эстетикалық тәрбие беруге жағдай жасау және ғылыми айналымға енгізуге ықпал ететін іс-шаралар, ашық қор, қор материалдары бойынша кеңестер мен арнайы сабақтар өткізу, анықтамалық картотекалар, жинақтар жасау, музейтану және өнертану саласында ғылыми-әдістемелік әдебиеттер, монографиялар шығару және тағы да басқа мақсаттарды жүзеге асыруда музейде тарихи-мәдени, ғылыми шаралар ұйымдастырылуда.
Философ М.Ж.Көпеевтің мол мұрасын сақтауда, еңбектерін насихаттап тарату жолында М.Ж.Көпеев мемориалдық музейінде жыл сайын ғылыми-әдістемелік семинарлар, ақынның өмір жолын және шығармашылығын зерттеуші жас ғалымдарға кеңестер мен дәрістер, Мәшһүртану оқулары жүйелі түрде өткізіліп тұрады.
Жаннур Мусабаева,
Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің Бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмысты ұйымдастырушы