Қашанда дәрінің адам өміріне маңызды екенін білеміз.
2020 жылдың 08 қазанында Баянауыл ауылында жаңа дәріхананың ашылу салтанаты өтті.
Тұсауы кесілген жаңа нысанның жұмысына сәттілік тілеген аудан әкімі Қанат Кәрімов бұл жұмыстардың ауыл халқын дәрі-дәрмекпен қамтуда жасалып жатқан игілікті іс екендігін атап өтті. Бұған дейін екі дәріханасы бар ауылға тағы бір жаңасы қосылып жатқаны бәсекелестікті күшейтетіні сөзсіз. Ал, бәсекелестік бар жерде қызмет сапасының да артары анық.
Баянауыл ауданының Құрметті азаматтары Балжан Райымкулова, Қорлан Райымбекова және Дәметкен Айтимова ғимараттың лентасын қиды. Ауыл тұрғындары атынан медицина саласының ардагері Балжан Райымкулова жылы лебіздерін білдіріп, жаңа орынның жұмысына сәттілік тіледі.
Білгеніміздей, дәріхананың ашылуына басты себепкер Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, кәсіпкер Қарлығаш Алдабергенова. Шарада нысанның ашылуына өзінің қомақты үлесі тиген Жанар Абылгазина сөз алды.
Дәріханада препараттың үш жүзден астам түрі бар. Дәріханада тыл ардагерлері мен зейнеткерлерге және 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектерге, аз қамтылған отбасыларға дәрі-дәрмектер жеңілдікпен сатылады.
Нысан Сатпаева 43 мекен-жайында орналасқан.