“Аналар асыл жандар...”

“Аналар асыл жандар...”

Павлодар ауданының әкімі Николай Дычко әр түрлі салада табысты қызмет атқарып, елге еңбегін сіңіріп жүрген әйелдермен кездесіп, оларды Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады. Бұл нәзік жандылар ауданымыздың, облысымыздың және еліміздің дамуына елеулі үлес қосып келеді.

 

Кездесуге білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және басқа да салаларда қызмет істейтін іскер әйелдер қатысты. Оларға аудан әкімі атынан мерекелік дастарқан жайылып, ерекше құрмет көрсетілді. Дастарқан басында емен-жарқын әңгіме өрбітіп, өздерінің жетістікке жету құпияларымен бөлісті.


Аталған ерекше кештің қадірлі қонақтарының бірі - ұлағатты ұстаз Алмагүл Ысқақова. Ол бүгінгі күні Шақат ауылы орта мектебінің директоры қызметін атқарады. Білім саласына бет бұрған уақыттан бері алдына келген оқушыға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, еліміздің өркендеуіне өзінің зор үлесін қосып келеді. Табысқа жету үшін таңдаған ісіңді соңына дейін жеткізбей тоқтама деген кеңес берді ұлағатты ұстаз.

-Баршаңызды 8 наурыз-әйелдер күнімен құттықтаймын. Мен ауылдан шыққан адаммын. Әке-шешеміз көп балалы отбасы болды. Мен тоғыз баланың бесіншісі болып өмірге келіппін. Ата-анам еңбекқор адамдар болды, сондықтан бізді де ерте еңбекке баулып, мақсатқа жетуге тәрбиеледі. Менің ұстанатын негізгі қағидам білім алу және еңбек ету. Жасымда екі жоғары білім алдым. Ал ұстаз болғаннан кейінгі басты міндетім оқушыға сапалы білім, санал тәрбие беру болды. Бүгінгі таңда өз мектебімде мұғаліммен оқушылардың өз мүмкіндігін жүзеге асыру үшін бар жағдайды жасап келемін,- деді ол.


Мерекелік шара барысында іскер әйелдер, тәжірибелі аналар жастарға өз ақыл-кеңестерін беріп, емен-жарқын әңгіме құрып тарқасты. Сонымен қатар, осындай келелі кездесу ұйымдастырып, ауданның ең белсенді әйелдер қауымының басын қосқан аудан әкіміне алғыстарын білдірді.