Ардагерді құттықтады

Ардагерді құттықтады

Павлодар ауданының әкімі Николай Дычко ауданымызда тұрып жатқан жалғыз Ұлы Отан соғысы ардагері Мария Алексеевна Матюшина 97 жасқа толуымен құттықтады. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Наталья Кузят пен Черноярка ауылдық округінің әкімі Ермек Тақтаулов та ыстық ықыластарын білдірді.

 

Мария Матюшина анасы мен үлкен әпкесі Тамарамен бірге Тула облысының Калуга қаласында тұрды. Жеті сыныпты бітіргеннен кейін, ол токарь болып оқуын бастады. Ал 1942 жылы он алты жасар Мария Новомосковск қаласына тәжірибеге келіп, ата-анасынан жасырын түрде әскери маскировка курстарына ерікті болып жазылды. Жауынгерлік жолында қорғаныс құрылысы басқармасының 225 құрамында, 104 әскери құрылыс жасағының құрамында Беларуссияға жетті, содан кейін солтүстікке ауыстырылды. Сол жерде жеңісті қарсы алып, 1945 жылы Отанына демобилизацияланды.

Бүгінде Мария Матюшинаның ұл-қыздары өмiрден өз орындарын тапқан жандар. Кейуананың 11 немересі, 29 шөбересі, 3 шөпшегі бар. Екі жыл бұрын әжесінің туған күнінде Мария атты шөпшегі дүниеге келді. Германия мен Ресейде тұратын ұрпақтары мүмкіндігінше келіп отырады. Айтулы күнде Павлодар қаласынан Мария Матюшинаның екі жасқа үлкен әпкесі Тамара да құттықтап келді.

Аудан әкімі Николай Дычко 97 жасқа толған соғыс ардагерін елімізді, жерімізді, болашағымызды азат еткен өр тұлғалы ерлігі үшін алғысын білдіріп, зор денсаулық және ұзақ ғұмыр тіледі.

Жыл өткен сайын арамыздағы ардагер ағаларымыз бен апаларымыздың қатары сиреп барады. Әр жыл өткен сайын ардагерлердің тарих үшін қаншалықты қымбат екенін түсінеміз.